Ыстанбұлда жалған ақша жасайтын цех анықталды
АСТАНА. KAZINFORM – Ыстанбұлда жалған ақша жасайтын цех анықталып, 114 млн долларлық купюра тәркіленді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Түркияның ішкі істер министрі Али Ерликая Ыстанбұлда жүргізілген ірі арнайы операция нәтижесінде жалған ақша шығаратын жасырын типографияның әшкереленгенін хабарлады.
Министрдің айтуынша, Бююкчекмедже ауданында жалған валюта дайындады деген күдікпен бес шетелдік азамат ұсталған.
Тінту барысында құқық қорғау органдары 114 миллион АҚШ долларына жуық жалған купюра мен оларды басып шығаруға арналған кәсіби жабдықтарды тәркілеген. Түркия ІІМ-нің мәліметінше, алаяқтар тек АҚШ долларын ғана емес, сонымен қатар Сауд Арабиясы мен Мысырдың банкноталарын да қолдан жасаған.
— Бұл соңғы уақыттардағы жалған ақша жасаушыларға қарсы бағытталған ең ірі операциялардың бірі, — деп атап өтті Ерликая, полицейлердің жедел әрі тиімді әрекетін ерекше бағалап.
Қазіргі таңда тергеу жалғасып жатыр. Ұсталғандардың халықаралық қылмыстық топтармен ықтимал байланыстары тексеріліп жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін Түркияда жалған доллар тарату фактілері жиілеп кеткені хабарланған болатын. Әсіресе 50 және 100 долларлық купюралар көптеп жасалған. Сонымен қатар жуырда Ыстанбұлда 3,6 миллион еуро көлемінде жалған ақша тәркіленген еді.
Айта кетелік Нуман Куртулмуш Түркия парламентінің спикері болып қайта сайланған еді.