Ит иесіз болмауы керек, бұл табиғатқа қайшы – кинолог

- Инга Геннадьевна, Сіздің мамандығыңыз дұрыс қалай аталады? Кинологтың ит үйретушіден айырмашылығы бар ма?
- Мен – инструктор-дрессировщикпін. Қазақстан кинологтары Одағының сертификатын алғанмын. Ресейдің Волгоград қаласында арнайы кинологиялық курстан өткенмін. Мәскеу ауыл шаруашылығы институтын «зоопсихология» мамандығы бойынша тәмамдағанмын. Бірақ, айта кететін жайт, зоопсихология курсы болғанымен, зоопсихолог деген мамандық жоқ. Алайда зоопсихология кез-келген ит үйретушіге қажет. Ал, кинолог деген ол итті өсіріп, тәрбиелеуге қатысы бар адамдардың жалпы атауы. Олар: дрессировщик-жаттықтырушылар, хендлерлер, ит тұқымын өсірушілер. Ал иті барларды жай ғана ит асыраушылар дейді. Сондай-ақ асыл тұқымды иттерді өсірумен де айналысамын.
- Бұл мамандыққа қалай келдіңіз?
- Мен итсіз өмірімді елестете алмаймын. Ит өсіру туралы жазылған кітапты 2-сыныпты оқып жүргенде макулатура арасынан тауып алдым. «Пособие по собаководству» деп аталды. Содан бері ол оқулықты жанымнан тастаған емеспін. Кейін итті күтіп-баптауға, үйретуге қатысты тағы бір кітапты сыйға алдым. Бәрі содан басталды. Өз итім болғанын кішкентайымнан армандағаныммен, ата-анам маған ит алып беруден бас тартты, ол дұрыс та шығар, бірақ сол кезде мен үшін ол үлкен трагедия еді. Ал арманым тек 20 жасымда ғана орындалды. 1987 жылы күйеуім маған Шығыс-Еуропа овчаркасын туған күніме сыйлады. Итті үйретуге қатысты еңбек өтілім сол уақыттан басталатын шығар, десек те мен ол кезде теориялық жағынан бәрін білетінмін. Сол алғашқы итім Джинамен бірге теорияны іс жүзінде жүзеге асырдық. Содан бері бірнеше ит қолымнан өтті, бірақ есімде 7 итім жатталып қалды. Ол, әрине, Джина, одан кейін «дог», «кавказдық», «доберман» иттер болды. Қазір қолымда орыс қара терьері және Қытай айдарлы иті бар.

- Итті жаттықтыру мен тәрбиелеудің айырмашылығы неде?
- Үйретуден өткен ит тәрбиелі, сол сияқты тәрбиесіз де болуы мүмкін. Дрессировка дегеніміз, бағындырып, басқару. Ал тәрбиелі ит үйретілмеген де болуы мүмкін. Мұндай ит отбасында өмір сүруге өзі бейімделеді. Ал үйретілген ит спорт рингіне шығып, оны неге үйретті, соны көрсетіп бере алады. Барлық команданы бұлжытпай орындап, рингтен шыға салысымен бағынудан бас тартуы мүмкін. Яғни иесінің командаларын орындамайды, өзіне ұнаған нәрсені істейді, өкінішке орай мұндай да болып тұрады. Сондықтан дрессировкадан өткен ит ең алдымен тәрбиелі болуы керек.
- Итті қай уақыттан бастап үйреткен дұрыс, жалпы үйрету не үшін керек?
- Итті алмас бұрын адам ең алдымен өзін дайындауы керек. Егер итті қашаннан бастап үйреткен дұрыс деген сізде сұрақ туса, онда сіздің кеш қалғаныңыз, яғни мәселе бар деген сөз. Сіз ақыл тоқтатқан адам, ешкімнің қыстауынсыз үйге кішкентай ғана күшікті әкелдіңіз. Ол ешқандай тілді, ештеңені әзірге түсінбейді. Оған әкелген уақыттан бастап бірден отбасында бірге тұру ережесін түсіндіру қажет. Бұл үлкен итке де қатысты, әкелдіңіз бе, бәріне ыңғайлы болуы үшін бірден түсіндіріңіз. Үйрету, міне, осы үшін керек. Иттің ғұмыры қысқа, біз оны өзімізге көбіне бақытты болу үшін, сүйсініп, рақаттану үшін аламыз. Мұндайда алғашқы бір-екі жыл маңызды.

- Ит өсірушілер Сізге қандай мәселемен келіп жатады?
- Ия, маған шынында да негізінен мәселе туындағанда ғана келеді. Күшік алады, ал күшік, ойламаған жерден үреді екен, үйде кілемге түзге отырады екен. Жиһазды кеміреді, аяқтан, қолдан тістейді. Итті асырауға алады, бірақ оның өмір салтын, физиологиясын мүлде білмейді. Олардың ойынша, күшік бәрін түсінуі керек, үрмеуі, тістемеуі керек, тағысын тағылар. Қазір көптеген әдебиетте де итті керемет ақыл иесі етіп көрсетуге тырысады. Бұл адамдарды адастырады. Иттің аты – ит. Ол адам сияқты ойламайды. Итті асырап алушыларға ең алдымен осыны түсіндіремін. Тек осыдан кейін ғана олардың көзқарасы өзгереді. Жалпы ит асырап алмас бұрын тұрғындар ең алдымен мамандардан кеңес алса екен деймін. Петропавлда екі клуб жұмыс істейді. Олар кімнен, қандай ит алуға болатынын айтып, көмектеседі. Облыс орталығында 5 ит үйретуші бар.
- Ит өсірушілер көбіне қандай трюк жасауды үйретуді сұрайды?
- Ең жиі кездесетіні – дүкеннен сөмкені көтеріп әкелу. Егер ит ірі болса неге үйретпеске?! Тұрмыста керек нәрсе. Екіншісі – жоғалған затты табуға үйретуді сұрайды, бұл да дұрыс, күнделікті өмірде керек. Мысалы, қолғабыңызды түсіріп алдыңыз немесе кілтті, телефонды жоғалттыңыз – итке «ізде», «тап» деп команда бересіз, ол тауып әкеледі. Бұл қиын емес, оны кез келген ит, үйретсе, орындай алады.

- Кәрі ит үйретуге келе ме?
- Теория жүзінде, ия, үйретуге болады. Мәселен, адам жеке тұрғын үйден пәтерге көшті делік. Иті көп жыл байлауда тұрған. Қорықпай өзіңізбен алып кетіңіз. Басында аздаған мәселе туындауы мүмкін, бірақ ол тез үйренеді. Далада тастап кетпеңіздер немесе оны достарыңызға, таныстарыңызға беріңіздер, ауылдағы туыстарыңызға апарып, орналастырыңыздар. Ит – өте таза жануар, сондықтан үйге түзге отырмауды тез үйренеді, тек күніне үш рет далаға шығарып, қыдыртып отыру керек. Сол сияқты, бастапқыда үруі мүмкін, оны да қояды. Иісі мен жүніне келер болсақ, ит өзін жақсы жуғызады, күтімі дұрыс болса, жүні түспейді.
Бірақ, иттің тұқымына да қарау керек. Егер ол Кавказ, Орта Азия, оңтүстік орыс овчаркасы болса, онда оларды жеке тұрғын үйге орналастырған жөн. Панажайға бермеңіз, далаға тастамаңыз, өлтірткізбеңіз, мұндай иттерге қашанда сұраныс бар, сондықтан ие табылады, беріңіз. Бұл иттерға пәтерде тұру өте қиын.
- Итті үйрету әдістері жайында айтып беріңізші...
- Қарама-қарсы әдіс бар, ол өте ертеден қолданылып келеді. Нәтижесі жоғары. Итке таңдау беріледі, яғни сен менің айтқанымды істейсің, сол үшін тәтті аласың, жақсы сөз естисің, егер менің айтқанымды орындамасаң, онда сен тәтті-дәмдіден қағыласың, ауырады, т.с.с. Ит мұны жақсы түсініп, өзіне ыңғайлысын таңдайды. Әдіс-тәсілдер өте көп, еліктеу әдісінде күшікті енесімен бірге үйретеміз. Енесі командаларды орындап, тәтті алады, күшік мұны көріп, қайталайды, өйткені оның да тәтті жегісі келеді. Механикалық, ойын түріндегі әдістер бар.

- Иттің қай түрлері үйретуге ыңғайлы, керісінше, үйретуі қиын иттерді атап өтсеңіз...
- Үйретуге келмейтін иттің түрлері жоқ, бәрі ит иесінің мақсаты мен тілегіне байланысты. Итті қандай мақсатта алғаны маңызды. Иттің барлық түрін үйретуге болады. Мәселен, неміс овчаркасын алайық, ол адамға қызмет ету үшін туған, айтқаныңның бәрін қағып алуы керек, бірақ оларда да үйретуді өте қиын қабылдайтындары бар. Ал жалпы 36 жылдық тәжірибемде мен «ақылсыз» иттерді кезіктірген жоқпын. Көп нәрсе иттің иесіне байланысты, ол жалқау болса, ит те үйретуге нашар көндігеді.
- Иттің қай тұқымы жаныңызға жақын?
- Әр ит өсірушінің ұнатқан тұқымы болады. Біреулер таңдауын уақыт өте жасайды, енді біреулердің керісінше бірден иттің сол түріне көңілі ауады. Маған қазір орыс қара терьері ұнайды. Мендегінің жасы қазір онда. Оны Новосібірден әлемдік деңгейдегі «Сибирский медведь» питомнигінен алып келдім. Осы жылдар аралығында көптеген ит алдымнан өтті, жеке өзімдікі де, курсанттар да, бірақ мен үшін орыс қара терьеріне жетері жоқ. 2014 жылдан бері қолымда, тұқымды ауыстыру ойымда жоқ, Яшам «кететін» болса, орнына тағы да осы түрін аламын. Ал Қытай айдарлы итін ойда-жоқта алдым. Кемероводан әкелінген. Ол туралы ерекше ештеңе айта алмаймын. Ария 8 жаста. Салмағы небары 4 кг. Адамға жақын, қасыңнан қалмайды, ыңғайлы ит. Ал менің жаныма қызметтік, ірі тұқымдар жақын.
- Ит асырап отырған оқырмандарымызға қандай кеңес берер едіңіз?
- Ең алдымен күшік алғысы келетіндерге айтар едім, оны алмас бұрын «қабырғаңызбен» ақылдасыңыз. Өзіңізге 5 сұрақ қойыңыз. Ит не үшін керек? Ол итпен не істеймін? Итті не үшін аламын? – осындай сұрақтарға адекватты жауап берген жағдайда ғана итті алуға болады. Мен өмір бойы ит ұстағым келді, менде ит болғанын армандадым – бұлардың барлығы – қалау, яғни дұрыс жауап емес. Мысалы аңшыға ит аң аулау үшін керек, қартайған адамға ит жалғыз болмау үшін қажет. Бірақ мұнда да адамның орнын итпен басу қаупі бар. Еркелетіп, баласымен сөйлескендей сөйлесетіндер, оны киіндіріп, еркелететіндер бар. Ит – ойыншық емес, ит – бала емес, иттің өз орны бар.
Тағы бір кеңес – итті әлеуметтік желі арқылы немесе хабарландыру арқылы алмаңыздар, жақсы ит болсын десеңіз, арнайы клубтардан алған жөн. Ал байлап ұстайтын күзетші ит керек болса, оны хабарландыру арқылы сатып алудың қажет жоқ, панажайға барып, сол жерден таңдап тегін алыңыз. Балаға ит сыйламаңыз. Өйткені кейін оны күтіп-баптауды өзіңіз атқаратын боласыз. Ит балаға бағынбайды. Ал мәселе туындаған жағдайда маманға жүгінуге кеңес беремін.

- Қазіргі уақытта қаңғырған иттер көбейді. Бұл мәселе еліміз бойынша өзекті. Жабайыланған иттер адамдарға да шабатын болған. Бұл жайында сіздің пікіріңізді білсек...
- Ия, қаңғырған иттер, әсіресе үйірмен жүрсе өте қауіпті. Олар өздері тамақтанатын қоқыс орындарын қорғап, адамға шабуы мүмкін. Сондай-ақ олар түрлі ауруларды таратушы. Құтырма ауруын алайық, бұл дерт мүлдем емделмейді. Ал оны иттен жұқтыру өте оңай. Жалпы ит иесіз болмауы керек, бұл табиғатқа қайшы.
- Әңгімеңізге рахмет!