Италия Қазақстан Ұлттық музейінде Реставрация орталығын тегін ашып беруге дайын

АСТАНА. KAZINFORM — Италия Қазақстан Ұлттық музейінде Реставрация орталығын тегін ашып беруге дайын. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева айтты.

Национальный музей, Ұлттық музей
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

— Президентіміздің Италияға сапарының қорытындысына орай бірқатара іс-шара атқарылып жатыр. Оның ішінде екі елдің министрліктері бірлескен жоспарымызды құрдық. Сол жоспардың аясында кітаптар шығарылып, концерттік ұйымдардың, театр ұжымдарының гастрольдері, музейлердегі көрмелер ұйымдастырылады. Өздеріңіз білесіздер, Леонардо да Винчидің картинасын әкеліп, ұлттық мүзейде көрсеттік. Қазіргі басты мақсатымыз — сол қарым-қатынасты нығайтып, жалғастыру. Бүгінде талқылап жатқан ең негізгі мәселеміз — бұл Ұлттық музейдің ішінен үлкен Реставрация орталығын жасау. Мәдени, тарихи мұрамызды сақтап қалудың бір шарты — реставрация жұмысын жүйелі түрде ұйымдастыру, — деді министр Ақордада БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.

Осы орайда ол маусым айының басында Италияға сапарлап, онда сол елдегі әріптесімен кездесетінін, Реставтрация орталығын құру мәселелерін талқылайтынын айтты.

— Келісім бойынша италиялық әріптестеріміз бізге Реставрация орталығын құрып береді. Технологияларын, жабдықтарын тегін беруге дайын. Сонымен қатар мамандарды оқытуды да ұйымдастырады. Өкінішке қарай бізде реставрация жұмыстарын жекеменшік ұйымдар жасап, барлық қаражатымыз соларға кетеді. Ал облыстардағы музейлердің жекеменшік ұйымдардың қызметіне жүгінуге мүмкіндігі жоқ. Сондықтан Ұлттық музейдің ішінде құрамыз. Содан кейін республика деңгейінде реставрация жұмыстарын өзіміз атқарамыз, — деді Аида Балаева.

Қазіргі уақытта Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Италия Премьер-министрі Джорджа Мелони жоғары деңгейде келіссөз жүргізіп жатыр. 

Соңғы жаңалықтар