Италия мен Қазақстан ғалымдары қай салаларда ортақ жоба жасайды
АСТАНА. KAZINFORM – Nazarbayev University және Италияның Қазақстандағы елшілігі бірлесіп «Ғылым мен шығармашылық» конференциясын өткізді және Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан, Италияның университеттері мен ғылыми-зерттеу институттарымен бірлескен өзекті ғылыми жобаларды талқылады.

Оның ашылуында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек еліміздің ғылым мен зерттеу саласында жаңа кезеңге қадам басып жатқанын атап өтті.
− Жоғары білім беру жүйесіндегі ғылымды дамытудың ұлттық тұжырымдамасы арқылы біз ғылымды қоғам мен экономиканың нақты қажеттіліктерімен тікелей байланыстыратын ашық модельге көшеміз. Қазіргі ғылым тек зерттеу жүргізіп қана қоймай, нақты міндеттерді шешіп, инновацияларды енгізіп, шабыттандыруы қажет. Осындай конференциялар бізге ғылымның тек деректер мен жаңалықтар ғана емес, инновациялар, мәдениет, байланыс пен серіктестік екенін де еске салады. Леонардо да Винчи мен Энрико Фермиден бастау алған Италияның ғылымдағы ұзақ дәстүрі бүкіл әлемге шабыт беруін жалғастырып жатыр. Қазақстанда біз ғылыми қауымдастықтарымыз арасында көпір орнатып, ортақ міндеттерді бірлесіп шешуге ұмтыламыз, − деді министр.

NU Медицина мектебінің инструкторы Елтай Рахмановтың айтуынша, Италия мен Қазақстан арасында қазір денсаулық сақтау саласында дараланған медицина, кардиология, спорт медицинасы, робототехника, инженерия, тау-кен өндірісі саласында бірлескен жобалар бар.
− Біз тек қана Назарбаев университеті емес, аймақтағы университеттердің де Италия ұйымдарымен серіктестік орнатуына көмектесеміз. Мәселен, олардың арасында Ақтөбедегі Марат Оспанов медициналық университеті және Семей медициналық университеті бар және басқа да оқу орындарында ғылыми жобалар бойынша серіктестіктер бар. Ең инновациялық жобамыздың бірі – спорт кардиологиясында аз инвазивті әдістерді қолданып, кардиологиядағы диагностиканы жетілдіруге арналған бастама болды. Екінші жоба – оңалту бағытында, Италияның үлкен инновациялық компаниялары телереабилитациялық құрылғылары Қазақстанның шалғай елдімекендеріне жеткізілді. Бұл ғылыми ортаны дамытуға үлкен үлес қосады. Осындай платформа екі ел арасындағы инновация мен ғылымның дамуына әсер етеді деп ойлаймын. Әрі қарай Қазақстан аумағында емес, тұтас Орталық Азиядағы өзекті жобаларды бірге жасауға үміттенеміз. Еуропа одағындағы саясат пен интеграция бірдей болғандықтан, бұл тәжірибені басқа да еуропалық елдермен және университеттермен жалғастыруға болады, − деді Е.Рахманов.

Өз кезегінде Италияның Қазақстандағы Елшісі Антонелло Де Рио Қазақстан өзінің бірегейлігін түсінетін және өткен мен болашақты біріктіруде стратегиялық серіктес болып отырған қарқынды ел екенін атап өтті. Оның айтуынша, көптеген италиялық ғалымдар жұмыс істейтін NU-мен ынтымақтастық — ғылымның мәдени дипломатия мен экономикалық өсудің қозғаушы күшіне айналғанының дәлелі.

− Бүгінгі күннің негізінде терең сенім жатыр: гуманитарлық және ғылыми білім арасындағы үйлесім −тек идеал ғана емес, мәдени мұраны жаңаша ұғынудың нақты қажеттілігі дер едім. Гуманитарлық негізсіз ғылымның байланыс орнатудағы тиімділігі төмендейді. Дәл осы пәнаралық диалог мәдениетті инновацияның, дамудың және жаһандық өзара әрекеттестіктің тұтқасына айналдырады, — деді елші Де Риу.

Конференцияда NU мектептерінде қызмет ететін италиялық профессорлар, атап айтқанда, Жоғары мемлекеттік саясат мектебі, Инженерия және цифрлық ғылымдар мектебі, Жаратылыстану, гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар мектебі, Медицина мектебі ғалымдары өз еңбектерін таныстырды.
− Ғылым мен креативті индустрияға арналған бұл керемет конференция пәнаралық ынтымақтастықтың маңызы өсіп келе жатқанын көрсетеді. Италия ұзақ уақыт бойы креативті индустриялар саласында көшбасшы саналады және біз үшін Италия қоғамдастығымен де, Италияның Қазақстандағы елшілігімен де берік және жемісті қарым-қатынаста болу — үлкен мәртебе. NU осындай перспективалы бастамаға алаң болып отырғанын мақтан тұтады, сондай-ақ академиялық алмасу мен жетекші италиялық университеттермен, білім беру мекемелерімен бірлескен жобалардың көбеюін асыға күтеді, − деп қорытындылады NU президенті профессор Вакар Ахмад.

Айта кетейік, әлемдік 86 университеттің грантын жеңіп алған арыстық Айсұлтан Италияда білім алғысы келеді.
