Италия Президенті екі ел арасындағы сенімді диалог үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын жеткізді
АСТАНА. KAZINFORM – Италия Президенті серіктестікті одан әрі нығайтудың маңызын атап өтіп, екі ел арасындағы сенімді диалог пен өзара түсіністікті нығайтуға қосқан үлесі үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын жеткізді. Бұл туралы Ақорда мәлім етті.

– Біз үшін бұл сапардың мәні зор. Сіздің былтыр Римге жасаған сапарыңыз өзара қарым-қатынастың маңызды кезеңі ретінде ынтымақтастығымыздың одан әрі нығаюына берік негіз қалады. Бұл қадамдар серіктeстігімізге барлық бағытта ерекше сипат береді. Мәдениет саласындағы ықпалдастығымыз белсенді дамып келеді. Италия Астанада Орталық Азиядағы алғашқы Мәдениет орталығын ашады. Елорданың бір көшесін Марко Полоның құрметіне атау туралы ұсынысыңыз қос мемлекеттің байланысын одан әрі тереңдетуге бейіл екеніңізді көрсетеді. Бұл қолдауыңыз үшін Сізге шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді Серджо Маттарелла.
Келіссөз соңында тараптар Президент Серджо Маттарелланың ресми сапары Қазақстан – Италия қарым-қатынасы тарихының жаңа парағын ашатынына сенім білдірді.
Еске сала кетейік, Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге ресми сапармен келген Италия Президенті Серджо Маттарелланы қарсы алды.
Елорда көшелерінің біріне Марко Поло есімі берілетіні хабарланды.
Италия Астанада өзінің мәдени орталығын ашады. Бұл Орталық Азия өңіріндегі мұндай алғашқы мәдени орталық болмақ.
Қасым-Жомарт Тоқаев Италия Президенті Серджо Маттарелланы бірінші дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.