Италияда туристік автобус өзенге құлап кетті
АСТАНА. KAZINFORM – Туриндегі (Италия) Пьяцца Витторио Венето маңында туристік автобус По өзеніне құлады. Көлік қоршауды бұзып, өзенге құлап, жартылай суға батқан. Автобус жүргузішісі мерт болды, деп жазады La Republica басылымы.

Автобуста тек жүргізуші ғана болған, оны ес-түссіз күйде құтқарып алған. Дәрігерлердің көмегіне қарамастан ол қайтыс болған. Оқиға орнына құтқарушылар тікұшақ экипажымен келген. Жол апаты кезінде басқа жолаушылар немесе жаяу жүргіншілер зардап шеккен болуы мүмкін деген болжам бойынша іздеу жүргізілді, бірақ ешкім табылмады.
Оқыс оқиға қаланың тарихи орталығына жақын орналасқан Мурацци ауданында болған. Кампобассодағы Di Carlo Tour жеке компаниясына тиесілі автобус кері бағытта келе жатып апатқа ұшыраған.

Жүргізуші 63 жастағы Никола Ди Карло басқа бағытпен жүріп кеткен немесе өзін нашар сезінгендіктен артқа қарай әрекет еткен деген болжам бар. Қозғалыс кезінде автобус үш әйелді қағып кеткен, бірақ олар ауыр жарақат алмаған, жәбірленгендер жағдайын бақылау үшін ауруханаға жеткізілген.
— Қызметтік тергеу басталды. Қазір бұл іспен Турин қалалық полициясы айналысып жатыр. Өрт сөндірушілер автобусты судан шығара салысымен ол тәркіленіп, техникалық сараптама басталады. Ең алдымен тежеу жүйесі тексеріледі. Одан әрі жүргізушінің өлім себебі анықталады, - делінген хабарда.
Айта кетейік, бұған дейін Ақмола облысында автобус пен жеңіл көлік соқтығысқанын жазған едік.