Италияда тұтқындалған ирандық кәсіпкер босатылды

АСТАНА. KAZINFORM – АҚШ ордерімен Италияда ұсталған ирандық кәсіпкер Мохаммад Абедини жексенбі күні түрмеден босатылып, Иранға оралды. Бұл туралы Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі хабарлады.

Италияда тұтқындалған ирандық кәсіпкер босатылды
Фото: IRNA

Өткен айда 38 жастағы ирандық кәсіпкер Мохаммад Абедини АҚШ билігінің өтініші бойынша ирандық әскерилерді ұшқышсыз басқарылатын навигациялық бөлшектерді жеткізіп, АҚШ-тың санкциялық заңдарын бұзды деген айыппен Америка билігінің сұрауымен Милан әуежайында ұсталды.

Америка құқық қорғау органдарының мәліметінше, бұл құрамдас бөліктер кейіннен қаңтар айында ұшқышсыз басқарылатын аппараттың Иорданияның Сириямен шекаралас жердегі әскери базаға соққы жасау кезінде пайдаланылып, америкалық үш әскеридің қаза табуына әкелді. Иран бұл соққыға қатысы барын жоққа шығарды.

Бостандық үшін бостандық

Итальяндық БАҚ оның ісін Абедини тұтқындалуынан кейін үш күн өткен соң Тегеранда ұсталған ІІ Foglio күнделікті газетінің тілшісі Сесилия Саланың тұтқындалу ісімен байланыстырды. Италия СІМ Иран Елшісін шақыртып алып, ұсталған тілшіні босатуды талап етті. Кейін ол түрмеден шығарылып, Италияға оралды.

Иран итальяндық тілші түрмеге Римге Абединиді босатуға қысым жасау үшін қамалды деген айыптарды жоққа шығарып отыр.

Иранның сот органдарының мәлімдеуінше, түсініспеушілік салдарынан тұтқындалған Абедини Италияда қамаудан Иран Сыртқы істер министрлігінің талпыныстары мен екі елдің барлау қызметтері арасындағы келіссөздердің арқасында босатылған.

Иран сот органдарының хабарлауынша, түсініспеушілік жойылып, Абедини түрмеден босатылды, деп хабарлайды IRNA. 

Иран СІМ баспасөз хатшысы Эсмаил Багаи мен Иранның Мizan ақпарат агенттігі Абединидің жексенбі күні Иранға келгенін растады.

Рим экстрадицияға қарсы

Ирандық кәсіпкердің жексенбі күні босатылуы Италияның әділет министрі Карло Нордио Милан апелляциялық сотына өтініш бергеннен кейін болды.

Бұған дейін БАҚ-та ирандық кәсіпкерді АҚШ-қа экстрадициялау мүмкіндігі талқыланған болатын. Алайда Италияның Әділет министрі Құрама Штаттар ирандықты экстрадициялау туралы ресми өтініш жасамағанын мәлімдеді.

Италияның Әділет министрлігінің мәлімдемесінде Абединиді экстрадициялаудың заңды шарттары жоқ екеніні, өйткені бұл Италияда да, Америка Құрама Штаттарында да жазаланатын қылмыстар үшін ғана мүмкін болатыны айтылған.

Мәлімдемеде АҚШ-тың Төтенше экономикалық өкілеттіктер туралы халықаралық заңының бұзылуы итальяндық заң бойынша қылмыс деп танылған әрекеттерге сәйкес келмейтіні атап өтілді. Сондай-ақ ирандық кәсіпкер лаңкестік ұйымды қолдады деген басқа айыптауларды растайтын ешқандай дәлел жоқ екені атап өтілді.

Итальяндық және халықаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, Сесилия Саланың босатылуы Италия премьер-министрі Джорджа Мелони АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Дональд Трампқа Флоридадағы Мар-а-Лагодағы үйіне барғаннан кейін көп ұзамай болған. Италия АҚШ-тан Саланың Италияға тез оралуы үшін Абединиді экстрадициялаудан бас тартуда ынтымақтастық жасауын сұрады.

Италия елшісі Қазақстан туралы кітап жазып жатқанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар