Із-түзсіз кеткен ақтөбелік бір айдан кейін табылды

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе қаласының тұрғыны Батырхан Ғалиақбаров үйінен шығып кетіп, 1 айға жуық уақыт хабарсыз кеткен. Полиция 24 жастағы жігітті Хромтау ауданынан тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Із-түзсіз кеткен ақтөбелік бір айдан кейін табылды

Отан алдындағы борышын өтеп, үйіне оралған Батырхан Ғалиақбаров 16 қыркүйек күні үйінен шығып кетіп, қайта оралмаған. Ұялы телефоны мен керек-жарағын түгел тастап кеткен. Арада 3 күн өткен соң туған-туыстары полицияға арыз жазып, іздеу жарияланды. Бұған дейін хабарлағанымыздай, Батырхан Ғалиақбаров әскери борышын өтеп жүрген кезде басынан жарақат алған .

«Жоғалған жігіт Хромтау ауданынан табылды. Полиция қызметкерлері жігітті ата-анасына тапсырды»,- деп хабарлады Ақтөбе облыстық ІІД баспасөз қызметі. Белгілі болғаны, жас жігіт ауданға жұмыс істеуге кеткен. Полиция қызметкерлері оны жұмыста жүрген жерінен тауып алды.