Измир жағалауында 34 заңсыз мигрант құтқарылды
АСТАНА. KAZINFORM — Түркия жағалау күзет қызметі Измир провинциясының Сеферихисар ауданындағы жағалауда 34 заңсыз мигрантты құтқарды, деп хабарлайды Anadolu Ajansi.
Жағалау күзетінің ресми сайтында хабарланғандай, мигранттар отырған үрленбелі қайық қозғалтқыш ақауына байланысты ашық теңізде қалған.
Құтқару туралы хабар түскеннен кейін сол маңға құтқару катері жіберілді. Құтқарылғандардың ішінде 14 бала бар, олар жағалауға жеткізілді.
Сонымен қатар Мендерес ауданында жағалау күзет қызметі тағы 7 заңсыз мигрантты, оның ішінде кәмелетке толмағандарды да ұстады.
Қажетті рәсімдер аяқталғаннан кейін барлық мигранттар одан әрі рәсімдеу үшін аймақтық көші-қон қызметіне тапсырылды.
Айта кетейік, жуырда Малайзия жағалауында мигранттар мінген қайық аударылып, 13 адам қаза тапқан еді.
Осыған дейін БҰҰ Еуропаға теңіз арқылы жетуге тырысқан заңсыз мигранттардың көбі қаза табатыны туралы хабарлаған.