Израиль Бейрутта «Хезболлаға» тиесілі он нысанға соққы жасады

АСТАНА. KAZINFORM — Израиль армиясы түнде шииттік «Хезболла» қозғалысына тиесілі нысандарға бірқатар әуе соққысын жасағанын мәлімдеді. Бұл туралы Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі хабарлады.

Израиль Бейрутта «Хезболлаға» тиесілі он нысанға соққы жасады
Фото: x.com / @TVManar1

Израиль қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) жұма күні таратқан мәліметке сәйкес, түнгі операция барысында Ливан астанасы Бейруттың оңтүстігіндегі Дахия ауданында орналасқан он көпқабатты ғимаратқа соққы берілген. Бұл аудан «Хезболла» қозғалысының негізгі тірек пункттерінің бірі саналады.

Израиль әскери күштерінің дерегінше, нысандардың арасында ұйымның атқарушы кеңесінің штабы мен ұшқышсыз ұшу аппараттарын сақтауға арналған қойма болған.

— Бұл командалық орталықтар Израиль армиясының әскери қызметкерлері мен Израиль мемлекетіне қарсы көптеген шабуылдарды жоспарлау және жүзеге асыру үшін пайдаланылған, — делінген ЦАХАЛ мәлімдемесінде.

Соққылар жасалар алдында Израиль әскері Бейруттың оңтүстік маңындағы бірнеше аудан тұрғындарына эвакуация туралы алдын ала ескерту таратқан.

Ливандық бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, Израиль соққылары елдің басқа аймақтарына да жасалған. Атап айтқанда, Ливанның оңтүстігіндегі жағалауда орналасқан Сайда қаласындағы көпқабатты үйдің бір пәтеріне де соққы тигені туралы мәлімет бар.

Ливанның Денсаулық сақтау министрлігінің дерегіне сәйкес, Сайда қаласына жасалған соққы салдарынан 5 адам қаза тауып, 7 адам жарақат алған.

Ливанның Ұлттық ақпарат агенттігі сондай-ақ Израильдің әскери ұшақтары елдің оңтүстігіндегі Тир және Бинт-Джебейль қалаларының үстінде байқалғанын хабарлады. Бұдан бөлек, түнде елдің оңтүстігіндегі бірқатар елді мекендерге, соның ішінде Срифа, Айта аш-Шааб, Тулин, Ас-Савана және Мадждал-Селем ауылдарына соққы жасалған. Сонымен қатар Ливанның шығысындағы Бекаа аңғарында орналасқан Дурис қаласына да әуе соққысы берілген.

Ливан Денсаулық сақтау министрлігі бұған дейін аптаның басынан бері Израиль шабуылдарының салдарынан ел аумағында 123 адам қаза тауып, тағы 683 адам жарақат алғанын хабарлаған болатын.

Жалғасып жатқан шабуылдар аясында «Хезболла» қозғалысы Ливанның оңтүстігіндегі Хиям қаласына қарай жылжыған Израиль әскери техникасының шоғырланған жеріне соққы жасағанын мәлімдеді.

Сонымен қатар «Хезболлаға» тиесілі телеграм-арналардың бірінде иврит тілінде жазылған хабарлама жарияланып, Ливанмен шекараға жақын орналасқан Израильдің солтүстік аймақтарының тұрғындарына бұл аумақтан бес шақырымға дейін ішкері кетуге шақырған ескерту жасалды.

Соңғы жаңалықтар
Референдум