Израиль Мысырмен құны 35 миллиард доллар тұратын газ келісімін жасасты

АСТАНА.KAZINFORM — Бұл келісім елдің энергетика саласы тарихындағы ең ірі келісім болды және ұзақ мерзімге жоспарланған, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Израиль Египетпен құны 35 миллиард доллар тұратын газ келісімін жасасты
Фото: x.com / @IsraeliPM

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху сәрсенбі күні Мысырмен жасалған ел тарихындағы ең ірі табиғи газ экспорты туралы келісімнің мақұлданғанын жариялады. Ол келісімнің жалпы құны 112 миллиард шекелді немесе шамамен 35 миллиард долларды құрайтынын мәлімдеді.

Энергетика министрі Эли Коэнмен бірлесіп мәлімдеме жасаған Израиль премьер-министрі бұл соманың шамамен 58 миллиард шекелі (18 миллиард доллар) мемлекеттік бюджетке түсетінін атап өтті. Келісімді іске асырудың алғашқы төрт жылында мемлекеттік кіріс шамамен 155 миллион долларды құрауы тиіс, ал 2033 жылға қарай жылдық кіріс 1,9 миллиард долларға дейін артуы мүмкін.

— Бұл қаражат білім беру, денсаулық сақтау, инфрақұрылымды дамытуға және қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жұмсалады, — деген Нетаньяху, келісімді тек қауіпсіздік мәселелерін қоса алғанда, Израильдің мүддесі үшін тиімді болатындығын қарастырғаннан кейін ғана мақұлдағанын атап өтті.

Израиль энергетика министрі Эли Коэн келісімді тарихи келісім деп атап, оның ел тарихындағы ең ірі экспорттық келісім екенін атап өтті. Оның айтуынша, табиғи газ Израиль үшін стратегиялық актив болып табылады.

Келісім америкалық Chevron энергетикалық компаниясының қатысуымен Левиафан кен орнынан Израиль газын Мысырға жеткізуді көздейді. Келісімге сәйкес, серіктестер 2040 жылға дейін Мысырға 130 миллиард текше метр газ сатады.

Левиафан кен орнын пайдалану құқығы 2020 жылдың қазан айында америкалық энергетика алыбы Chevron сатып алған Noble Energy (39,66%), NewMed Energy Partnership (45,33%) және Ratio Oil Exploration (15%) арасында бөлінген.

Israel Hayom мәліметі бойынша, сатып алушы — Мысырдың BOE (Blue Ocean Energy) энергетикалық компаниясы.

Мысыр тарапы әлі келісім бойынша ресми түсінік берген жоқ.

Қыркүйек айында Израильдің Israel Hayom газеті Нетаньяху оның мақұлдауынсыз Мысырмен ірі көлемді газ келісімін алға жылжытпау туралы нұсқау бергенін хабарлады. Бұл Тель-Авивтің Каирдің Синайға әскерлерін орналастыру арқылы екі ел арасында қол қойылған «бейбітшілік келісімін бұзды» деген айыптаулары аясында болды. Египет бұл айыптауларды жоққа шығарады.

Бұған дейін Израиль БАҚ-тары Израиль келісімді мақұлдамаса, Египет газбен жабдықтау үшін Катарға жүгінуі мүмкін екенін хабарлаған болатын. Осы хабарламалардан кейін Нетаньяхудың ұстанымы өзгергені, атап айтқанда, ол Египетпен газ келісімінің аяқталуын мақұлдағаны туралы хабарланды. Израиль мен Египет 1979 жылдан бері дипломатиялық қарым-қатынастарды сақтап келеді және бұрын Египет инфрақұрылымы арқылы газ экспорттауды қоса алғанда, бірлескен энергетикалық жобаларды жүзеге асырған.

Айта кетейік, Израиль жақын күндері «Рафах» шекара өткелін ашпақшы.

Соңғы жаңалықтар