Израиль Газа секторындағы көпқабатты ғимаратты қиратты

АСТАНА. KAZINFORM — Қаладағы халық ең тығыз орналасқан аудандардың бірінде орналасқан көпқабатты ғимаратқа жасалған шабуыл бейбіт тұрғындар арасында алаңдаушылықты күшейді, деп жазды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Израиль Газа секторындағы көпқабатты ғимаратты қиратты
Фото: x.com / @ftn001

Израиль армиясы Газа қаласындағы 12 қабатты «Аль-Муштаха» мұнарасына әуе соққысын жасағанын мәлімдеп, ХАМАС қозғалысын көпқабатты ғимараттарды әскери мақсатта пайдалануда айыптады.

Израиль Қорғаныс армиясының (ЦАХАЛ) өкілі Авичай Адраи алдағы күндері басқару орталықтары, мергендер позициясы және зымыран ұшыру орындары ретінде қолданылатын басқа да ғимараттарға соққы жасалатынын хабарлады.

— ХАМАС-тың әскери доктринасына сәйкес, мұндай ғимараттар бақылау, үйлестіру және тосқауылдар ұйымдастыру үшін қолданылады, — деді ол.

Израиль әскери мәлімдемесіне сәйкес, ғимараттың астында орналасқан жерасты кеңістігі ХАМАС тарапынан шабуылдарды жоспарлау, ЦАХАЛ күштеріне тосқауылдар құру және жауынгерлердің шегіну жолдарын қамтамасыз ету үшін қолданылған.

Алайда «Аль-Муштаха» ғимаратының әкімшілігі бұл мәлімдемелерді теріске шығарып, ғимарат тек баспана іздеген босқындар үшін пайдаланылғанын мәлімдеді.

Куәгерлердің айтуынша, мәжбүрлі эвакуация туралы ескерту берілгеннен кейін небәрі 15 минут өткенде, ғимаратқа үш мәрте әуе соққысы жасалған.

Қара түтін бүкіл ауданды жауып, мұнара маңындағы шатырлы лагерьлерге өртке оранып, қирап қалған. 

Al Jazeera хабарлауынша, бірнеше бейбіт тұрғын жарақат алып, «Аш-Шифа» ауруханасына шұғыл көмекке жеткізілген.

Израиль әскері:

— Шабуыл алдында бейбіт тұрғындарды ескерту шаралары жасалды, бірақ халық тығыз орналасқан жағдай мен қауіпсіз баспаналардың жоқтығы мұндай соққылардың бейбіт тұрғындарға қауіп төндіруіне әкеледі, — деп мәлімдеді.

Израильдің қорғаныс министрі Исраэль Кац бұған дейін:

— Газада тозақтың қақпасы ашылды — деп, армия ХАМАС қарусыздандырылып, барлық израильдік тұтқындар босатылғанға дейін операцияны жалғастыратынын айтқан болатын.

Газа секторының Денсаулық сақтау министрлігі соңғы 24 сағат ішінде Израиль шабуылдарынан кем дегенде 69 адам қаза тауып, 422 адам жараланғанын хабарлады.

2023 жылғы 7 қазанда басталған соғыстан бері қаза тапқандар саны 64 мыңнан, жараланғандар саны 162 005 адамнан асты.

Қала тұрғындары келесі соққылардың биік ғимараттарға жасалуы мүмкін екенін айтып алаңдаулы. Газа қаласында мұндай ғимараттар жүздеп саналады, ал олардың көпшілігі баспанасынан айырылған отбасылар үшін жалғыз пана болып отыр.

Бұған дейін Газа секторында тұмаудың ауыр түрі таралып жатқаны хабарланған еді.

Соңғы жаңалықтар