Израиль Газадағы әскери қимылдарды күшейтті: ондаған адам қаза тапты

АСТАНА. KAZINFORM – Соңғы тәулікте Израильдің орталық және солтүстік Газадағы әскери әрекеттерінен кемінде 60 адам көз жұмды. Бұл туралы жергілікті денсаулық сақтау өкілдері мәлімдеді, деп хабарлайды Euronews.

п
Фото: Anadolu Ajansi

Израиль қорғаныс армиясының дерегінше, Газа қаласынан сектордың оңтүстігіне шамамен 750 мың адам көшірілген. Әскери ведомствоның хабарлауынша, соңғы тәулікте әуе күштері Газадағы 120 нысанаға соққы жасаған. Оның ішінде ХАМАС жасақтары пайдаланған ғимараттар мен өзге де инфрақұрылым бар.

Associated Press агенттігінің мәліметінше, сенбі күні таңертең Газа қаласының Туфах ауданында әуе шабуылының салдарынан тұрғын үй қирады. «Әл-Ахли» ауруханасының ақпараты бойынша, кемінде 11 адам қаза тапқан, олардың жартысынан көбі – әйелдер мен балалар.

«Шифа» ауруханасының өкілдері босқындар лагері Шатиде төрт адамның қаза тапқанын хабарлады. Сондай-ақ Нусейрат лагерьіндегі бір үйге жасалған соққыдан бір отбасының тоғыз мүшесі көз жұмды. «Нассер» және «Әл-Ауда» ауруханаларының дерегінше, тағы алты палестиналық оңтүстік пен орталық Газада көмек іздеп жүргенде оққа ұшқан.

БҰҰ Бас Ассамблеясының жалпы дебатында сөйлеген сөзінде Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху елі ХАМАС-пен күресті «соңына дейін жеткізуге тиіс» екенін айтты. Оның мәлімдемесі Ассамблеядағы ең шиеленісті сәттердің бірі болды. Бұл сөз халықаралық делегациялардың жаппай залдан шығуына және Нью-Йорктегі жаппай наразылықтарға себеп болды.

Бұған дейін 12 ел Палестинаға қаржылай қолдау көрсету жөнінде коалиция құрғаны хабарланған еді.

Соңғы жаңалықтар