Израиль «Хезболланың» қаржы ұйымдарына соққы берді
АСТАНА.KAZINFORM — Түнде Израиль «Хезболла» өз операцияларын қаржыландыру үшін қолданатын балама банк жүйесінің бөлімшелерін нысанаға ала отырып, Бейруттағы, Ливанның оңтүстігіндегі және Бекаа алқабындағы нысандарға шабуыл жасады. Жүздеген отбасы соққы алдында үйлерін тастап қашты, зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ, деп хабарлайды Kazinform-ның меншікті тілшісі.

Reuters агенттігі Бейрут маңында ондаған жарылыс болып, артынша ауаға қара түтін көтерілгенін хабарлады. Дүрбелеңге түскен халық қаланың кейбір бөліктерінде көшеге шығып, қауіпсіз аймақтарға жетуге тырысып, біршама кептеліс тудырды.
Соққы «Хезболла» квазибанк ретінде пайдаланатын «Al-Qard al-Hasan» бірлестігінің нысандарына бағытталған.
Бұл — АҚШ «Хезболла» өз қаржысын басқару үшін пайдаланады деп санайтын Ливан банк жүйесіне балама банктер. Қауымдастықтың бүкіл Ливанда 30-дан астам филиалы бар, оның ішінде 15-і орталық Бейрут пен оның маңындағы халық тығыз орналасқан аудандарда орналасқан.
Ливан Ұлттық ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Израиль «Хезболланы» қаржыландырды деп айыптап отырған «Al-Qard Al-Hassan» ұйымының кем дегенде үш бөлімшесі соққыға ұшырады.
Соққы алдында Израиль қорғаныс күштерінің баспасөз хатшысы Даниэль Хагари жексенбі күні әскерилер Ливанның бейбіт тұрғындарын эвакуациялауға бұйрық беріп, оларды «Хезболла» банктері мен топ пайдаланатын басқа да қаржы нысандарынан алшақтататынын айтты.
— Біз алдағы сағаттарда көптеген нысандарға, түнде одан да көп нысанға соққы береміз. Алдағы күндері біз Иранның «Хезболла» террористік әрекеттерін қалай қаржыландыратынын, азаматтық мекемелер мен қауымдастықтарды қалай қорған ретінде пайдаланатынын ашамыз, — деді Хагари.
Кейін Израиль қорғаныс күштері әуе шабуылдары алдында Бейруттің оңтүстік маңындағы және Ливанның шығысындағы Бекаа алқабындағы «Хезболланың» 22 нысанын эвакуациялауға бұйрық берді.
Бұған дейін Израиль Ливанның оңтүстігінде «Хезболла» нысандарына соққы беріп, 65 адам мерт болғанын хабарлаған болатынбыз.