Израиль Иранмен соғыс кезінде Хаменеиді жоюды жоспарлаған, бірақ операция жасалмады

АСТАНА.KAZINFORM - Жақында болған қақтығыс кезінде Израиль Иранның Жоғарғы Көшбасшысын жоюды көздеген, бірақ операцияны жүзеге асыра алмады, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Израиль Иранмен соғыс кезінде Хаменеиді жоюды жоспарлаған, бірақ операция жасалмады
Фото: Khamenei.ir

Израиль Қорғаныс министрі Исраэль Кац бейсенбі күні Израильдің 13 арнасына Тель-Авивтің Иранмен 12 күндік соғысы кезінде Аятолла Әли Хаменеиді жою мүмкіндігін қарастырып жатқанын айтты.

- Егер ол біздің көз алдымызда болса, біз оны жойып жіберер едік, - деді Кац. - Біз Хаменеиді жойғымыз келді, бірақ операциялық мүмкіндік болмады.

Оның айтуынша, Иран басшысы терең астыртын әрекетке түсіп, Ислам революциясы Сақшылар корпусының жаңа қолбасшыларымен байланысын үзіп, мұндай операцияны жүзеге асыру мүмкін емес болды.

- Хаменей өзінің нысанаға іліккенін түсініп, жасырынуға кірісті. Ол жойылғандардың орнына келген офицерлермен байланысын үзді, - деп түсіндірді министр.

Әлеуетті операция Вашингтонмен келісілді ме деген сұраққа Кац: «Бізге мұндай әрекеттерге рұқсат қажет емес», - деп баса айтты.

Иран мен Израиль арасындағы қақтығыс 13-24 маусым аралығында жалғасты.

Соғыстың алғашқы күндерінде Израиль армиясы Иран территориясына соққы беріп, жоғары лауазымды әскери шенеуніктерді және ядролық бағдарламаға қатысы бар мамандарды өлтірді.

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху мен АҚШ президенті Дональд Трамп «Тегерандағы режимді өзгерту» мүмкіндігі туралы мәлімдеме жасады.

АҚШ тарапының араласуынан, АҚШ-тың Иранның ядролық нысандарына соққы беруінен және Иранның Қатардағы америкалық базаға жауап соққысынан кейін шайқас тоқтатылды.

Бейсенбі күні аятолла Әли Хаменеи теледидар арқылы халыққа сөйлеген сөзінде Иранның өзін-өзі қорғау әрекетінде Израиль мен АҚШ-қа ауыр соққы бергенін айтты.

Соңғы жаңалықтар