Израиль премьер-министрі Нью-Йоркке баруды жоспарлап отыр

НЬЮ-ЙОРК. KAZINFORM — АҚШ-тың Демократиялық партиясынан қалалық мэр қызметіне үміткер Зохран Мамдани Халықаралық қылмыстық сот (ХҚС) шығарған ордерге сүйене отырып, Биньямин Нетаньяхуды қамауға алуға уәде еткен, деп жазады Anadolu

Нетаньяху Нью-Йоркке барады, қаланың болашақ мэрі оны қамауға алуға уәде еткен
Фото: Anadolu

— Мен Нью-Йоркке президент Трамппен бірге барамын, — деді Нетаньяху Мамдани мәлімдемесіне жауап ретінде.

Жанында тұрған Дональд Трамп израильдік үкімет басшысын қолдады. Ақ үй басшысы сайлаудағы жеңіс тәуелсіз шешім қабылдауға кепіл емес екенін еске салды.

— Оған бәрібір ақша керек болады. Бәрі Ақ үй арқылы іске асады. Сондықтан өзін дұрыс ұстағаны жөн, әйтпесе қиын болады, — деді Трамп.

Бұған дейін Мамдани Демократиялық партияның алдын ала сайлауында жеңіске жетіп, Нью-Йорк мэрін сайлау жарысына қатысатыны белгілі болған. Сайлау 4 қарашада өтеді. Егер жеңіске жетсе, ол қала тарихындағы мұсылман дініндегі және Оңтүстік Азиядан шыққан алғашқы мэр атануы мүмкін.

2024 жылғы телебағдарламалардың бірінде Мамдани егер мэр болса, Нетаньяхуды қамауға алатынын айтқан.

— Нью-Йорк — халықаралық құқық құндылықтарын қолдайтын қала. Енді осы құндылықтарға сай әрекет ететін уақыт жетті, — деген ол.

АҚШ ХҚС-тың мүшесі емес екенін еске салғандарға Мамдани федералдық деңгейде жетіспейтін көшбасшылықты жергілікті деңгейде көрсету маңызды екенін айтқан.

Айта кетейік, мамыр айында Халықаралық қылмыстық сот Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху мен елдің қорғаныс министріне қамауға алу туралы ордер шығарған. Олар Газа секторында әскери қылмыстар жасады деп айыпталып отыр. Алайда Израиль мен АҚШ ХҚС-тың юрисдикциясын мойындамайды.

Айта кетейік, бұған дейін АҚШ-та Нетаньяхудың сапарына қарсы наразылық акциясы өткенін жаздық.

Соңғы жаңалықтар