Jibek Joly радиосынан Президенттің жаңа жылдық құттықтауы берілді

АСТАНА. KAZINFORM — Жаңа жылды жол үстінде қарсы алған қазақстандықтар биыл алғаш рет Мемлекет басшысының құттықтауын 101.4 FM жиілігіндегі «Jibek Joly» радиосынан тыңдай алды.

Jibek Joly радиосынан Президенттің жаңажылдық құттықтауы берілді
Фото: Kazinform

«Jibek Joly» радиосы 2025 жылғы 1 мамырда хабар тарата бастады және аз уақытта-ақ саясатты, экономиканы, мәдениет пен музыканы біріктіретін жаңа ақпараттық-ойын-сауық платформасы ретінде өзін таныта білді. Эфирде аспаптық сүйемелдеумен немесе минус-аранжировкамен жанды дауыстағы әндер жиі шырқалады, бұл тұтас ел бойынша бірегей формат саналады.

Радиостанцияның мерекелік бағдарламасында қызықты ток-шоулар, шығармашылық коллаборациялар және әрине, заманауи отандық музыка бар. Қаңтардың алғашқы күндері Jibek Joly тыңдармандары еш күтпеген шығармашылық жобаға қатыса алады. Бұл — дін, музыка және журналистика салаларының өкілдерін біріктірген ток-шоу болмақ: бір студияда Төреғали Төреәлі, Нұрлан имам және Ләйлә Сұлтанқызы бас қосады.

Жаңа 2026 жылда «Jibek Joly» радиосы Open Air концертін өткізуді және тек қазақстандық эстраданың заманауи хиттеріне ғана емес, Орталық Азия елдері мен түркітілдес әлем орындаушыларының әндеріне негізделген музыкалық саясатты жалғастыруды көздеп отыр. Эфирде қырғыз, өзбек, түрік және татар әртістерінің әндері шырқалып, құттықтаулар аймақтың әртүрлі тілдерінде таратылады.

Jibek Joly радиосының негізгі аудиториясы — 30-40 жастағы белсенді әрі әлеуметтік өмірге араласатын Астана тұрғындары. Олар саясатты қадағалайды, мәдени оқиғаларға қызығады және жаңа толқынның заманауи музыкасын таңдағанды жөн көреді.

Бұған дейін Jibek Joly арнасындағы жаңажылдық телепремьералар жөнінде жазған едік. Жаңа жыл қарсаңында телеарна арнайы телебағдарламалар әзірледі.

Соңғы жаңалықтар