Қабырғалары сынып, басы жарылды: Ақтөбеде жасөспірімді автобус қағып кетті
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбеде 14 жастағы жасөспірімді автобус қағып, бала жансақтау бөліміне түсті. Оның бірнеше қабырғасы сынып, өкпесі зақымданды, ашық бас-ми жарақатын алды.

Мектеп оқушысы 31 мамыр күні Ақтөбе қаласы Әбілқайыр хан даңғылы мен В.Пацаев көшелерінің қиылысын кесіп өтпек болады. Бұл - Ақтөбе облыстық әкімдігі ғимараты алдындағы жол. Велосипед мінген бала бағдаршам тәртібін сақтағанымен, автобус жүргізушісі тоқтап үлгермеді. Салдарынан баланы бірнеше метрге ұшырып әкетті.

- Немерем - №9 мектеп гимназиясының оқушысы. «Автопарк» ЖШС-не тиісілі №15 маршрут автобусының жүрзігушісі реттелген жаяу жүргінші жолынан өтіп бара жатқан кезде қатты жылдамдықпен тапап өтті. Қазіргі таңда немерем хәл үстінде жатыр. Басы жарылып, бас сүйегі ашылып кетті. Сонымен қатар 9 қабырғасы сынып, өкпесіне, асқазанына зақым келді. Бұл не деген сұмдық? «Автопарк» ЖШС-і басшылары неге қадағаламайды? Баламды қаққан жүргізуші бостандықта жүр. Полиция хабарласпады бізге. «Автопарк» ЖШС-нің басшылары келіп, баланың хәл-жағдайын сұрауға әрекет жасамады. Баламның әрі қарайғы өмірі не болады? Қала әкімі, полиция департаменті шара қолдануларыңызды сұраймын,- деді зейнеткер Қожахмет Сарқұлов.
Оның айтуынша, велосипед автобустың астында қалған, ал бала 20 метрге ұшып кеткен.
Қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің 345 бабы 2 бөлігімен іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.

- Қазіргі уақытта бұл дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Оқиғаның барлық мән-жайлары анықталып жатыр.
Полиция ата-аналарға балалардың, әсіресе велосипедпен жүру кезінде жол ережелерін мүлтіксіз сақтау қажеттілігін еске салады. Кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін тұрақты бақылауды қамтамасыз етуді, балаларға жол қозғалысы ережелерін, бағдаршам сигналдарын сақтау қажеттігін еске салуды сұраймыз,- деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, бала нейрохирургия бөлімінде ем қабылдап жатыр. Жағдайы тұрақты ауыр.
- Жүргізуші тергеу аяқталғанға дейін жұмыстан шеттетілді. Біз жауапкершіліктен қашпаймыз. Тергеу аяқталған соң қорытынды бойынша көмек көрсетеміз. Жүргізуші 33 жаста. 8 жылдық еңбек өтілі бар екен. Ол бізде 2023 жылдан бері жұмыс істеп жатыр. Қазір тергеу жүріп жатқан соң мән-жайды айта алмаймын. Тек ол 55 км/сағ жүрген, ереже бойынша 40 км/сағ жүруі тиіс ,- деді «Автопарк» ЖШС-нің директоры Ақарыс Тілеулесов.
Еске салсақ, 2 маусым күні елордада жолаушылар автобусы апатқа ұшырап, 15 адам зардап шекті. Жол апатына айыпты деп танылған жүргізуші қамауға алынды.