Қадыр Мырзалиевтің немересі Қызылордада батырлар мен билердің суретін салды
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылордадағы Тәуелсіздікке 25 жыл даңғылының бойында қазақтың батырлары мен би-шешендері бейнеленген көрнекі картиналар тізбегі пайда болды.

Оның авторы — суретші Мұхит Мырзалиев.


Биыл қаладағы үлкен даңғыл қайта жаңғыртылып жатыр. Сурет салу жобада қаралмаған болса да демеуші есебінен көз қуантарлық іс жасалды.



Оған Алматыдан ағайынды суретшілер Мұхит Мырзалиев, Глеб Ақанаев және Серафим Ивашинин тартылды.

— Тапсырыс берушінің тілегіне байланысты Жалаңтөс баһадүр, Баймұрат, Келменбет, Алпамыс, Бұқарбай, Қобыланды батырлардың суретін салдық. Одан бөлек, графити стилінде Қазыбек, Әйтеке және Төле билер, Қорқыт атаның қобыз тартып отырған сәті бейнеленген. Суретті көшеден көрген соң балалар мен жастарда «бұлар кім?» деген сұрақ туып, ізденуі мүмкін. Солардың қызығышулығын арттыру үшін ашық, жарқын түстерді пайдаландық, — деді Мұхит Мырзалиев.





Суретші жұмыс барысы туралы егжей-тегжейлі айтып берді.
— 200 шаршы метр аумақ, ауқымды жұмыс. Негізі екі аптадай уақыт жететін. Бірақ біресе қатты жел соғып, біресе жаңбыр жауып бөгет болды. Қосымша құрылыс та қол байлап, жұмысты қоя тұруға тура келді. Сонымен жоба үш аптаға созылды. Сурет салу кезінде америкалық стандартқа сай келетін аэрозольді бояу пайдаландық. Ерекшелігі, ол ыстыққа да, суыққа да төзімді. Әдетте зауыт өнім сапасы үшін 5 жылға кепілдік береді. Бірақ одан да ұзаққа шыдайтынына жеке тәжірибемде көз жеткізгенмін. Мысалы, Алматыдағы өзім тұратын үйдің қабырғасындағы суреттің сол күйі тұрғанына 12 жылдан асты, — деді ол.


Мұхит Мырзалиевтің қос атасы — қазақ әдебиеті мен көркемсурет өнерінің көрнекті өкілдері. Өз атасы — ақын, Қазақстанның халық жазушысы Қадыр Мырзалиев болса, нағашы атасы — кескіндемеші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Амандос Ақанаев. Суретшілік оған нағашы жұртынан дарыса керек. Бір сөзбен айтсақ, суретшілер әулеті. Өзі — графити және мурал өнерінің шебері. Туындыларының көбі Алматының төрінде тұр.





Жуырда С. Айтбаев атындағы Қызылорда көркемсурет галереясының қорындағы картиналардың біріне жасанды интеллект жан бітірді.