Қалада жарық жоқ: Ақтауда электр энергиясы тапшылығы бар ма

АҚТАУ. KAZINFORM — Маңғыстау облысының орталығы Ақтау қаласында соңғы 2-3 күнде электр энергиясы мәселесі туындады. Тұрғындар жарықтың жиі өшетініне шағымданып отыра. Осыған байланысты құзырлы орган өкілдері брифинг өткізіп, жағдайды баяндады.

а
Фото: Маңғыстау облысы әкімдігі

«Ақтау электр желілері басқармасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының бас инженері Этирбек Махамбетовтың айтуынша, 13 шілде күні — 11, 14 шілдеде — 15 апаттық жағдай тіркелген.

Мамандар күні-түні жұмыс істеп, электр энергиясын қайта қосты. Алайда, кеше тағы 3 жерде апат болған. 

— Кеше 3 апат болды, 17, 16, 18 мен 19-шағынаудандарда екі бригада жұмыс істеп жатыр. Оларға жедел қызмет бригадасын да қостық. Маман да, техника да жеткілікті. Ең ұзақ жөндеу жұмысы кеше болды. 29-шағын ауданда кабель зақымдалған. Соны жөндеуге 15 сағат жұмсалды. Қалғандарын тез-тез қосып жатырмыз, — дейді Этирбек Махамбетов. 

Кәсіпорын бас инженерінің сөзінше, апаттардың басты себебі — кабельдердің ескіруі. Аптап ыстықта электр энергиясына сұраныс артып, тозығы жеткен желілер істен шығып жатыр. 

— Кабельдер баяғыдан жатыр ғой, ауыстыру керек және қалыңдату керек. Жаңартылса сөну тоқтайды. Ауа райы ысып кеткен соң елдің бәрі кондиционерін қосқан, сол себептен желілерге жүктеме көбейді. Қазіргі таңда электр энергия соның салдарынан сөніп жатыр, — дейді «Ақтау электр желілері басқармасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының бас инженері Этирбек Махамбетов.

Ақтау қаласы бойынша жалпы ұзындығы 485 шақырымды құрайтын электр желісі бар. Оның 66 пайызы, яғни шамамен 320 шақырымы тозған. 

Ақтау қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Бексұлтан Шалабаевтың айтуынша, алдағы жылыту маусымына дейін, апат көп болып жатқан жерлердегі кабельдің 74 шақырымы жаңартылады. 

— Биыл авариялық жағдайларды болдырмау, тұрғындарды сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету және желілердің тозуын азайту мақсатында ұзындығы 74 шақырым ескі және тозған кабельдік желілерді жаңарту көзделіп отыр. Қазір жобалық сметалық құжаттамасы жасалып жатыр. Осы аптада дайын болады, — дейді бөлім басшысы. 

Маңғыстау облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Орынбасаров та жарық мәселесіне пікір білдірді.

Оның айтуынша, қазіргі таңда электр энергиясының жиі өшуіне өндіруші кәсіпорын — Маңғыстау атом энергетикалық комбинатының еш қатысы жоқ. 

— Қазіргі өшулерге МАЭК-тің қатысы жоқ. МАЭК шектеу қойып отырған жоқ. Яғни электр энергиясының тапшылығы жоқ. Негізгі мәселе — қаладағы кабельдік желілердің тозуы. 50 жылдан асты ғой қала салынғалы. Содан бері қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілмеген, — дейді Нұрлан Орынбасаров.

Нұрлан Орынбасаровтың сөзінше, ақтаулықтар қыста 60 мегаватт шамасында электр энергиясын тұтынады. Ал жаз мезгілінде тұтыну көлемі 120-150 МГв-қа дейін өседі.

— Бұған дейін республикалық және жергілік бюджет есебінен тек 60 трансформатор ауыстырылды. Енді қала әкімдігі алдағы уақытта 320 шақырым кабельдік желілерді кезең-кезеңімен жөндеуді жоспарлап отыр. Биыл алғашқы кезеңі іске аспақ, — дейді Нұрлан Орынбасаров. 

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Орынбасаров өңірде электр энергиясының баламалы көздерін дамытуға бағытталған жобаларды атап өтті. 

— 2024 жылы қытайлық Huadian компаниясымен Ақтау қаласында қуаты 160 МВт болатын бу-газ қондырғысын салу жөнінде келісімшартқа қол қойылды. Сонымен қатар, өткен жылы Жаңаөзен қаласында қуаты 247 МВт болатын гибридті электр станциясының құрылысы басталды. Жобаны іске асыру мерзімі — 2024-2026 жылдар. Сонымен қатар, 2024 жылы Қарақия ауданының Жетібай ауылында қуаты 50 МВт болатын жел электр станциясының құрылысы басталды. Бұл нысан 2025 жылғы мамырда пайдалануға берілді. Ал, биыл Маңғыстау ауданының Шетпе ауылында қуаты 20 МВт болатын жел электр стансасының құрылысы басталды. Жобаны іске асыру мерзімі 2025-2027 жылдар аралығын қамтиды, — дейді Нұрлан Орынбасаров.

Бұған дейін Ақтаудың тең жартысы жарықсыз отырғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар