«Қаладан ауылға»: БҚО-да мыңға жуық адам ауылға қоныс аударды
АСТАНА. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында былтыр іске қосылған «Қаладан ауылға» жобасы тұрғындар тарапынан қолдау тапты және мыңға жуық адам ауылға көшті. Жоба туралы облыс әкімі Нариман Төреғалиев айтып берді.
– Жоба аясында қала аймақтарынан мыңға жуық тұрғыны бар 195 отбасы ауылға көшті. Оның 600-і бала. Қоныс аударған отбасылардың барлығы да баспанамен қамтылды. Ауылдағы халық санын тұрақтандыру және экономикалық белсенділікті арттыруға бағытталған бағдарламаның нақты нәтижесі көріне бастады, – деді Н.Төреғалиев елордада Орталық коммуникациялар қызметінде.
Қоныс аударған азаматтардың 216-сы тұрақты жұмысқа орналасып, ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып келеді. Олардың арасында дәрігерлер, мұғалімдер, өзге де қажетті салалардың мамандары, сонымен қатар «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы өз кәсібін ашқан азаматтар да бар.
– Бұл шаралардың арқасында ауылдардағы кадр тапшылығы мәселесі шешімін тауып, жабылудың алдында тұрған бірнеше мектеп өз жұмысын жалғастыру мүмкіндігіне ие болды. Бұл «Қаладан ауылға» жобасының ауыл әлеуетін арттырудағы маңызды қадамға айналғанының айқын дәлелі, – деді облыс әкімі.
Айта кетейік, биыл Батыс Қазақстан облысының бюджеті 33,5% ұлғайып, 634 млрд теңгеге жетті.
Жыл басынан бері облыстағы аграрлық салаға 50,6 млрд теңгеге қолдау көрсетілген.