Қаламызды судан аман алып қалсақ, басты мақсат осы – студент

Мекен Қарғабаев
Фото: Кейіпкерден

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында су тасқынының алдын алу жұмыстарына құтқарушылармен, сарбаздармен, жергілікті атқарушы органдар қызметкерлерімен қатар еріктілер, үлкен-кіші бірдей атсалысуда. Солардың қатарында Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің студенттері мен оқытушылары уақытпен санаспай еңбек етуде. Осы университеттің 3-курс студенті Мекен Қарғабаев Kazinform тілшісімен өз ой-толғамдарымен бөлісті.

- Мекен, ерікті болу туралы ой қалай келді, алдымен осыған тоқталсаң?

- Жалпы, өз басым бұрын еріктілер қатарында болған жоқпын. Университет белсендісі болып, концерттік іс-шараларда ғана көзге түсіп жүретінмін. Десе де, елімізде, әсіресе, өзім білім алып жатырған Орал қаласында су тасқынына байланысты болған оқиғалар, жалпы шаһардың ахуалы мені алаңдатпай қоймады. Сол себепті еріктілер қатарына қосылып, аз да болсын бір пайдам тисін деген ниетте әр түрлі жерлерде көмекте болдым. Су тасқынына барынша тосқауыл керектігін барша жұрт түсінеді деп ойлаймын. Соның ішінде үйі суға кеткен тұрғындарға қиын тиді. Міне, осындай оқиғаларды көзбен көргеннен кейін ерікті болғаннан басқа жол жоқтай көрінді. 

- Қашаннан бері жұмыс жасап жатырсыңдар, студенттер көп пе? Қандай жұмыс атқардыңдар?

- Өңірде төтенше жағдай жарияланғаннан бастап біз де еріктілер қатарына қосылдық. Әйтеуір пайдамыз тиетін жердің бәрінде болдық. Өз еркімен қолұшын созған жандардың арасында студенттер өте көп. Гуманитарлық жүктерді түсіру мен тиеу, оларды зардап шеккен тұрғындарға жеткізу, сондай-ақ соңғы кезде Жайық өзенінің жағалауындағы бөгеттерді бекітуге араласудамыз. Біздің университетте «Жәңгір хан ұрпақтары» волонтерлық қозғалысы бар. Соның құрамында 92 мүшесі болса, олардың бәрі толық тасқынға қарсы күрес шараларына үлес қосуда. Бұлардан бөлек ерікті түрде қосылып жатқан студентер аз емес. Күн сайын 500-ден астам студент қапқа құм толтыру, гуманитарлық көмекті тиеп-түсіру жұмыстарында жүр. Оған қоса 20 ерікті университеттің студенттер үйіндегі эвакуациялық пунктте орналасқан зардап шегушілерге қызмет көрсетуде. Қызмет көрсету дегенде, отбасылардың, балаларының көңілін аулау бағытында мәдени іс-шаралар ұйымдастырады.

Мекен Қарғабаев
Фото: Кейіпкерден

- Өзің де өнерге жақын екенсің, жалпы, қай өңірденсің?

- Мен өзім Маңғыстау өңірінің тумасымын. Маңғыстау облысы Бейнеу ауданына қарасты Күйкен атты мектепте 11 жыл білім алдым. Сол алтын ұямда Құралай Мұқанова, Роза Бағысова, Жанар Бөкенбаева сынды ұстаздарымнан білім алып, тәрбиесін көрдім. 

Қазіргі кезде Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде электр техникасы және энергетика мамандығы бойынша оқып жатырмын. Университеттегі ұстазым Өтемісова Нұржүз Елеусізқызын ерекше атап өткім келеді. Ерікті ретіндегі белсенділігіме де қолдау білдірген осы кісі. 

- Соншама қап тасып, жүк тиеу немесе түсіру оңай емес. Спортпен айналысатын шығарсың?

- Мектеп қабырғасында жүргенде, таэквондо, дзюдо, аралас жекпе-жек секілді спорт түрлерімен шұғылдандым. Қазіргі таңда уақытымның көбін өнерге арнап жүрмін. Болашақта өзімді өнер саласында сынап көргім келеді. 

- Соңғы сауал, ерікті болу білім алуға кедергі келтірмейді ме?

- Менің ойымша, адам саналы түрде осы жұмысқа ден қойғаннан кейін ол бағалы уақыт деп есептеледі. Яғни, көмекке, жақсылыққа жұмсаған уақыт текке кетпейді. Қорыта айтқанда, ерікті болу оқуға немесе басқалай жекелей өміріме еш кедергісін тигізбейді. Ел басына күн туған кезде басқаша ойлану да мүмкін емес сияқты. «Қай жердің суын ішсең, сол жердің сөзін сөйлейсің» дегендей, өзіміз тұрып жатқан Орал қаласында жағдай күрделі болып тұрған шақта бар шаруаны ысырып қойып, барынша көмек қолын созған дұрыс деп білемін. Осы еңбегіміз босқа кетпей, қаламызды судан аман алып қалсақ, басты мақсат осы. 

Мекен Қарғабаев
Фото: Кейіпкерден

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орал қаласында су тасқынымен күреске 2700-ден астам адам жұмылдырылғанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Батыс Қазақстанда 75 мыңнан астам оқушы қашықтан білім алып жатыр.

Соңғы жаңалықтар