Орал қаласында су тасқынымен күреске 2700-ден астам адам жұмылдырылды

БҚО
Фото: Орал қаласының әкімдігі

ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласында су тасқынымен күреске 2700-ден астам адам жұмылдырылып, 500-ге жуық арнайы техника тартылды.

Орал қаласының әкімі Миржан Сатқановтың мәлім еткеніндей, соның ішінде 350 техника – Қазақстанның өзге өңірлерінен көмекке келгендер.

БҚО
Фото: Орал қаласының әкімдігі

Миржан Мұнайдарұлының сөзіне қарағанда, Жайықтан келетін тасқын суды бөгеу үшін қаланың қауіпті делінген 14 жерінде жұмыстар қауырт жүргізілуде.

«Ұзындығы 17 шақырымнан астам бөгеттер тұрғызылуда. Осы жұмысты бір-екі күннің ішінде аяқтамақшымыз. Қалада 10 эвакуациялық пунктте 2 100-ден астам адам орналастырылған. Тағы 3 мыңнан астам орын әзірленді. Қазіргі таңда Деркөл, Шаған өзендерінде су деңгейінің көтерілуіне байланысты «Вишенка», «Орбита» саяжайларынан тұрғындар көшірілуде», деді қала әкімі.

М.Сатқанов сондай-ақ үйлері суға кетіп, қиын жағдайға тап болған 1, 2-саяжай қауымдастықтарының тұрғындарымен кездесті.

БҚО
Фото: Орал қаласының әкмідігі

Жайық өзені жайылмасында орналасқан саяжайлардан 50-ге жуық адам су тасқынына қарсы қорғаныс үйінділерін салу, жер учаскелеріне мемлекеттік актілер беру және тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелерін көтерді.

Қала әкімі олардың мәселелеріне қатысты жауап берді. Шаһар басшысы қазіргі уақытта азаматтардың амандығы бірінші орында екенін атап өтті. Жергілікті атқарушы орган мен төтенше жағдай қызметі елді мекендердің тұрғындары мен олардың үйлерін су тасқынынан қорғау үшін ауқымды шаралар қабылдап жатқанын жеткізді. Тұрғындардың барлық мәселесі ескерусіз қалмайтынын, бәрінің де шешу жолы заң аясында қарастырылатынын баса айтты.

БҚО
Фото: Орал қаласының әкімдігі

 

Облыс орталығында су басып жатқан басқа да саяжай аумақтарында құтқару жұмыстары жалғасуда.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда жауынгердің жалғыз өзі 30-ға жуық адамды тасқын судан аман алып шыққанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Оралда жеті балабақша уақытша жабылды.

Батыс Қазақстанда 2 300-ге жуық адам эвакуациялық пункттерде жатыр.

 

Соңғы жаңалықтар