Қаланы қара түтін басты: Өскемендіктер тағы да ауа сапасының нашарлағанына шағымданды

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Бүгін таңертеңнен бері Өскемен қаласының тұрғындары ауа сапасының нашарлап кеткеніне шағымданып жатыр.

Өскемен
Фото: Қала тұрғындарынан

Қала тұрғындары таңертеңнен ауа сапасының күрт нашарлап кеткенін айтып, дабыл қақты. Көшеге шыққан халық қатты жөтеліп, тамақтары ауырып, жүректері айнығанын алға тартты. 

Ауасы лас Өскемен
Фото: қала тұрғындарынан

Тіпті бұрыннан таза аудан саналатын Жібек маталар комбинаты ықшамауданын қара түтін басқан. Шағым түскен соң ШҚО экология департаментінің мамандары тексеруге аттанды.

«Қазір екі жерде ауа сапасына қатысты өлшеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, «Самарское шоссе» ауданындағы санитарлық-қорғау аймағында және Гагарин бульвары көшесінде. Ауа құрамындағы күкіртті сутегі, азот диоксиді және басқа да заттардың концентрациясы анықталады. Өлшеу нәтижелері шыққан соң бірден хабарланады», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметінен.

Ауасы лас Өскемен
Фото: қала тұрғындарынан

Еске салсақ, осыған дейін Өскемендегі Назарбаев даңғылында орналасқан Достық үйі мен Гагарин бульвары көшесінің маңындағы тұрғын үйлердің халқы ауа сапасының нашарлап кеткеніне шағымданған.

Экологтар тексеру жүргізген соң хлорсутегінің шекті рұқсат етілген концентрациясынан асып кетуі тіркелген. 

Ауасы лас Өскемен
Фото: қала тұрғындарынан

 

 

Соңғы жаңалықтар