Қалдықтан құнарға: биогумус өндірісі не береді?
АСТАНА. KAZINFORM – Жыл сайын әлемде азық-түлік қалдықтарының мөлшері артып отыр. Сондықтан бірқатар мемлекет оны қоқыс алаңына жібермей, қайта өңдеп, тыңайтқыш ретінде ауыл шаруашылығында қолдану тәжірибесін жолға қойған. Бұл – Қазақстан үшін де өзекті тақырып. Kazinform агенттігінің аналитикалық шолушысы мұны сарапшылармен бірге зерделеді.
Қоқысқа кеткен қор
Әр өңірде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жауапты мекемелер жұмыс істейді. Олардың басты міндеті – облыс тұрғындарын азық-түлікпен үздіксіз қамтып, маусымдық тапшылықтың алдын алу. Осы мақсатта мекемелер жыл сайын мемлекет қаржысына мыңдаған тонна жеміс-жидек пен өзге де азық-түлік сатып алып, оны арнайы қоймаларда сақтайды әрі халық сұранысына қарай әлеуметтік дүкендерде сатады. Алайда көктем айында бұл жүйе жиі сынға ұшырайды.
Мәселен, екі жыл бұрын Қызылорда облысында «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы тұрақтандыру қоры арқылы алынған азық-түлікті жарамсыз деп танып, қоқыс полигонына шығаруға мәжбүр болды. Нәтижесінде 126 тонна көкөніс пен жеміс қоқыс алаңына тасталды.

Аталған жағдайдан кейін қоғамда азық-түлік қалдығын тиімді пайдалану қажеттігі айтыла бастады. Алғашында жарамсыз деп танылған өнімді мал азығы ретінде қолдану ұсынылғанмен, сарапшылар бұл тәсілдің санитарлық талаптарға сай келмейтінін ескертеді. Шіріген азық-түлікті жем-шөп ретінде пайдалану үй жануарларында ауру қоздырғыштардың асқынуына әкелуі мүмкін, ал мұндай өнім адам денсаулығына зиян. Сондықтан мамандар қалдықты қайта өңдеп, тыңайтқыш ретінде пайдалану – экологиялық тұрғыдан да, экономикалық жағынан да ең тиімді шешім деген пікірге келіп отыр.
Қалдықтан тыңайтқыш өндіру: биогумустың тиімділігі қандай?
Қазақстанда биогумус өндіру бастапқы кезеңде тұр. Алайда әлеуетті толық пайдалануға қажетті инфрақұрылым, мемлекеттік қолдау тетіктері мен халыққа арналған түсіндіру жұмыстары жеткіліксіз. Соған қарамастан салаға ғылыми тұрғыда үлес қосып жүрген мамандар бар.
Солардың бірі – профессор Раушан Нұрымова. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Аграрлық технологиялар» білім беру бағдарламасы бойынша қауымдастырылған профессоры биогумус өндірісін жан-жақты зерттеп қана қоймай, оның тиімділігін тәжірибе жүзінде дәлелдеген.
– Минералды тыңайтқыштар химиялық элементтерге негізделсе, микробиологиялық тыңайтқыштар тірі микроағзалардың белсенділігі арқылы топырақ құнарын арттырады. Ал өсімдік пен жануар қалдықтарынан алынатын көң, компост және биогумус органикалық тыңайтқыштар санатына жатады. Экологиялық таза өнім алуда олардың маңызы зор. Соның ішінде биогумус – ең тиімді әрі қауіпсіз тыңайтқыш, – дейді профессор.

Ғалымның айтуынша, университетке қарасты ботаникалық бақты қайта жандандыруда дәл осы әдіс көмектескен. Ол үшін калифорниялық қызыл шылаушын пайдаланылған. Құрттан алынатын биогумус кез келген егін мен бау-бақшаның өнімділігін арттырады.
– Калифорниялық қызыл құрт – зиянсыз, күтімі жеңіл шылаушын. Оны арнайы жәшіктерде немесе бақшадағы науаларда өсіруге болады. Екі шаршы метр аумақтан жылына бір тоннаға дейін биогумус алуға мүмкіндік бар. Ең бастысы – ылғалды сақтау. Құрттар азық талғамайды, өсімдік пен тамақ қалдықтарының барлығын қара шіріндіге айналдырады, – дейді Р. Нұрымова.
Ғалым өндірісте «Eisenia fetida» деп аталатын калифорниялық қызыл шылаушын түрін қолданған. Бұл құрттың көбею жылдамдығы жоғары әрі қалдықты өңдеу мерзімі қысқа. ХХ ғасырдың 50-жылдарынан бастап АҚШ-та селекцияланған шылаушын кәдімгі жауынқұртына қарағанда әлдеқайда өнімді. Сондықтан биогумус өндіруде ең тиімді саналады.
– Гумус табиғи жағдайда жер бетінде 30-40 жылда бір сантиметр ғана түзіледі. Ал биогумус арқылы біз 7-8 айда топырақты қалпына келтіре аламыз. Тіпті құнарсыз жердің өзінен өнім алуға мүмкіндік бар, – дейді профессор.
Әлем тәжірибесі мен Қазақстандағы биогумус өндірісі
Әлемдік тәжірибеде биогумус өндірісінің өнімділігі дәлелденген. Мысалы, АҚШ-тағы WormFarm компаниясы азық-түлік қалдықтарын вермикомпосттау әдісі арқылы биогумусқа айналдырады. Технология жоғары сапалы органикалық тыңайтқыш алуға және қалдық көлемін азайтуға көмектеседі. Ұлыбританиядағы «Loopbioproducts» компаниясы қалдықтарды қайта өңдеп, өсімдіктерге арналған тұрақты тыңайтқыштар шығарады. Канадада да органикалық қалдықтарды биогумусқа және басқа экологиялық таза өнімдерге айналдыруға арналған инновациялық технологиялар дамыған.

Елімізде де осы бағыттағы жұмысқа қажетті әлеует бар. Дегенмен, оның өндірісі ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2024 жылғы 22 қаңтардағы №26 бұйрығымен бекітілген «Тыңайтқыштардың қауіпсіздігіне қойылатын талаптар» техникалық регламентімен реттеледі. Экология және табиғи ресурстар министрлігінің хабарлауынша, өндіріс үшін арнайы рұқсат керек.
– Аталған регламент минералды, органикалық және органоминералды тыңайтқыштар мен топырақ жақсартқыш заттардың өндірісі, сақталуы, тасымалдануы және кәдеге жаратылуының барлық кезеңіндегі қауіпсіздік талаптарын белгілейді. Қалдықтарды қайта өңдеу қызметін жүзеге асыру үшін қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсат алу қажет, – делінген ведомствоның ресми жауабында.
Тамақ қалдықтарынан тыңайтқыш өндіру экологиялық тұрғыдан бірқатар артықшылық береді. Дегенмен, бұл үдеріс белгілі бір экологиялық тәуекелдерді ескеруді қажет етеді.
– Полигондардағы органикалық қалдықтардың азаюы метан газының бөлінуін төмендетеді және топырақ құрамын жақсартады. Алайда тамақ қалдықтарынан тыңайтқыш өндіру кезінде парник газдарының бөлінуі, топырақ пен судың ауыр металдармен және патогенді микроорганизмдермен ластану қаупі бар. Ашық ауада компосттау кезінде күкіртсутек пен аммиак аэрозольдарының түзілуі мүмкін. Осы талаптар сақталған жағдайда ғана бұл әдіс экологиялық қауіпсіз әрі тұрақты шешім болып саналады, – делінген жауапта.

Экобелсенді Айсұлу Құнанбаева мұны құптайды. Оның айтуынша, биогумус өндірісін дұрыс дамыту үшін арнайы мемлекеттік бағдарлама қажет.
– Биоқалдықтарға тек тамақ қалдықтары емес, бау-бақша мен саябақтардағы жапырақтар мен бұталар да жатады. Полигонға көмілгенде шіру процесінде метан және көмірқышқыл газы бөлінеді, бұл климатқа әсер етеді. Сондықтан қалдықтарды биогаз немесе биогумусқа айналдыру арқылы экологиялық әрі экономикалық пайда табуға болады. Тек барлық қадамдарды ескеру керек, – дейді ол.
Сарапшылар Қазақстан ауыл шаруашылығы саласында осындай жаңа бағыттарды енгізсе, экологиялық әрі экономикалық мәселелердің шешімі де жүйелене түсетінін айтады.