Камчаткада бір тәулікте 130-дан астам жер сілкінісі тіркелді
АСТАНА. KAZINFORM – Камчаткада магнитудасы 3,7-ден 7,8-ге дейінгі 130-ға жуық афтер сілкініс тіркелді. Аймақта табиғи төтенше жағдай жарияланды, деп жазады ТАСС.

– Кейінгі 24 сағат ішінде магнитудасы 3,7-ден 7,8-ге дейінгі 132 дүмпу болды. Оның 29-ын облыс тұрғындары сезді. Облыс губернаторының шешімімен аймақта табиғи төтенше жағдай жарияланды, - деп хабарлады Ресей Төтенше жағдайлар министрлігінің Камчатка өңіріндегі бөлімшесі.
Мәлімдемеде ғалымдардың Камбал жанартауының белсенділігін тіркегені және туристерге одан аулақ жүруге кеңес берілгені айтылған.
Сонымен қатар Безымянный, Шивелуч, Ключевской, Карым және Крашенинников жанартауларының белсенді атқылауы жалғасып жатыр.
– Облыс тұрғындары мен қонақтарына да осы аймақтардан аулақ жүруге кеңес беріледі, - деп атап өтті агенттік.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Камчатканың шығыс жағалауында 7,7 магнитудалы жер сілкінісі тіркелгенін жазған едік.