Камера жоқ аймақтарда көліктерді дрондар бақылайды
АСТАНА. KAZINFORM — Көлік апаттарынан адам өлімі көбінесе Алматы, Жамбыл, Түркістан және Маңғыстау облыстарында тіркеледі. ІІМ маманы мұның себебін түсіндірді.

— Біз жол-көлік оқиғаларының саны, онда қаза болғандар мен жарақат алғандарды бөлек жіктеп қарастырамыз. Жол-көлік оқиғалары, әрине, мегаполистерде көп болады. Себебі Астана, Алматы, Шымкент қалаларында автокөлік саны көп. Ал адам шығынымен болатын жол-көлік оқиғалары көбіне Алматы, Жамбыл, Түркістан, Маңғыстау облыстарында тіркеледі. Өйткені ондағы транзит ағыны өте жоғары, — дейді ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ресми өкілі Ақтоты Боранова «Бүгін LIVE» бағдарламасына берген сұхбатында.
Министрлік маманы мұндай апаттардың алдын алу үшін жоғары технологиялар да қолданылып жатқанын айтады.
— Мұндай апаттардың алдын алып, А пунктінен В пунктіне аман-есен бару үшін «Орташа жылдамдық» ұғымы енгізілді. Одан кейін жол-патрульдік автокөліктерінде автоматты түрде тіркеу жүйелері орнатылған. Қазіргі таңда қала сыртындағы жолдарда олардың саны шамамен 500-ден асты. Ал камералар жоқ жердегі көлік қозғалысын бақылау үшін көбіне дрондар қолданылады. Түптің түбіне келгенде, атқарылып жатқан жұмыстардың бәрі азаматтардың қауіпсіздігі үшін, — дейді студия қонағы.
Айта кетейік, Ұлытау облысында мас күйде көлік басқарған 15 адам жауапқа тартылды.