Канада Қазақстанның антиядролық бастамаларына қолдау білдірді

None
None
  АСТАНА. ҚазАқпарат - Канада Парламентінде бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығын «Ядролық қаруды жою жөніндегі халықаралық кампанияға» (ICAN) табыс етуге арналған салтанатты іс-шара өткізілді. Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметі хабарлайды.

Іс-шараны Қазақстанның Канададағы Елшілігі, «Ядролық қарусыздану және таратпауды қолдайтын парламентшілер (PNND)» және «Ядролық қаруға тыйым салу туралы конвенцияны қолдайтын канадалықтар» үкіметтік емес ұйымы ұйымдастырды.
null 

Өз баяндамасында Қазақстан Елшісі Константин Жигалов Қазақстанды жаһандық антиядролық қозғалыстың көшбасшына айналдырған Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қарусыздану және таратпау саласындағы негізгі шешімдері мен бастамаларын жан-жақты атап өтті.

«Ядролық қауіп-қатерлермен күресудің мол тәжірибесіне негізделіп, еліміз антиядролық тақырыпты 2018 жылғы қаңтар айындағы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі төрағалығының басты басымдықтарының бірі ретінде белгіледі», - деп айтты қазақстандық дипломат.

К. Жигалов «ICAN» жұмысына белсенді қатысып келген Канада жұртшылығын құттықтады. Хиросимадағы атом бомбасынан зардап шеккен канадалық белсенді Сэцуко Турлоу аталған халықаралық қозғалыстың атынан биылғы Нобель сыйлығын алады. Сонымен қатар, Үйеңкі жапырағы елінің ең жоғарғы азаматтық марапаты болып табылатын «Канада орденінің» мыңнан астам иегерлері халықаралық қауымдастықты Ядролық қаруға тыйым салу туралы конвенцияны әзірлеу жөніндегі үлестерді күшейтуге шақыратын петицияға қол қойғаны жарияланды.

Іс-шараға Канада Парламенті Қауымдар палатасының спикері Джеф Риган, спикердің орынбасары Кэрол Хьюс, Сенаттың Халықаралық істер және сыртқы сауда комитетінің төрайымы Рейнел Андрейчук, Парламент депутаттары мен сенаторлар, ядролық қаруға тыйым салуды қолдайтын канадалық үкіметтік емес ұйымдар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Жиналған қатысушылар жаһандық және өңірлік ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған Қазақстанның үлесіне жоғары баға беріп, БҰҰ ҚК құрамындағы алдағы жұмыстарына табыс тіледі. Канадалықтар ядролық қарудан азат әлем құру бойынша қоғамдық қолдауды жұмылдыруға бағытталған АТОМ жобасының қызметін де құптады.

Соңғы жаңалықтар