Канада Палестина мемлекетін қыркүйекте мойындайды — премьер-министр

АСТАНА. KAZINFORM — Канада Палестина мемлекетін қыркүйек айында мойындауды жоспарлап отыр. Бұл туралы сәрсенбі күні елдің премьер-министрі Марк Карни мәлімдеді, деп жазады Синьхуа.

Канада премьері
Фото: Синьхуа

Оның кеңсесі таратқан хабарламада айтылғандай, Канада Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 80-сессиясында Палестина мемлекетін мойындамақ, өйткені «екі халыққа — екі мемлекет» жоспарын жүзеге асыру болашағы қатты әрі терең түрде бұзылған.

— Бұл ниет Палестина Ұлттық Әкімшілігінің аса қажет реформаларға бейілділігіне негізделген, соның ішінде Палестина Ұлттық Әкімшілігінің президенті /Махмуд/ Аббастың басқару жүйесін түбегейлі өзгертуге, 2026 жылы жалпыұлттық сайлау өткізуге (ол сайлауға ХАМАС қатыса алмайды), және Палестина мемлекетін қарусыздандыруға міндеттеме алғаны ескеріледі, — делінген мәлімдемеде.

Сондай-ақ Канада ХАМАС барлық тұтқынды дереу босатуы және қару-жарақтан бас тартуы керек екенін қайта атап өтті. Премьер-министр кеңсесінде айтылғандай, бұл қозғалыс болашақ Палестина басқаруында ешқандай рөл атқармауы тиіс.

Бұдан бұрын Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер егер Израиль Газа секторындағы атысты тоқтатуға және ұзақмерзімді бейбітшілікке бағытталған нақты қадамдарға бармаса, қыркүйек айында Палестина мемлекетінің тәуелсіздігін мойындайтынын мәлімдеді.

Сонымен қоса Франция Палестинаны мемлекет ретінде ресми тануға шешім қабылдады. Бірақ Америка Құрама Штаттары Францияның Палестинаны мемлекет ретінде тану туралы шешімін қолдамады.

Соңғы жаңалықтар