Қанат Ислам Ақтөбедегі кәсіпқой бокс кешіне қатысады

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе қаласында Азия деңгейіндегі кәсіпқой бокс кеші өтеді. Ақтөбеліктер барлығы 11 кездесуді тамашалайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеге әлемнің үздік боксшылары жиналады. Бокс кешіне WBA Inter-Continental және WBO NABO титулының иегері Қанат Ислам, WBA нұсқасы бойынша әлем чемпионы Жанат Жақиянов, бокстан Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаев және Олимпиада ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов қатысады деп жоспарланған. Ақтөбе облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы бұл шараны «TUKESHOV BOXING PROMOTIONS» компаниясының қолдауымен ұйымдастырып отыр.

«Кәсіпқой бокс кешінің қатысушылары ретінде Тәжікстан, Ресей, Қырғызстан, Беларусь, Әзербайжан, Филиппин және Қазақстан спортшылары болады. Көрермендер 11 толық жекпе-жекті тамашалайды. Шаршы алаңда еліміздің намысын Ибрагим Ескендір, Уалихан Бисенқұлов, Арман Рысбек, Руслан Мырсатаев сондай-ақ, ақтөбелік Дастан Садуұлы мен Медет Айдос қорғайтын болады. Кештің басты жекпе-жегінде Бобыржан Момынов WBC нұсқасы бойынша Азия чемпионатының атағы мен NBA нұсқасы бойынша Inter - Continental чемпионы атағы үшін күреседі. Ол филиппиндік Ибгос Жанжесси Джуниормен кездеседі», - деді басқарма басшысы Мейрамбек Махамбетов.

Айта кетейік, Бобыржан Момынов әуесқой боксшылар арасында әлем, Қазақстан чемпионы, бірнеше халықаралық турнирдің жеңімпазы. Ол АҚШ-қа барып жаттығып, кәсіпқой бокста көзге түсті. Өткен жылы Сауль Альварес Геннадий Головкинмен кездеспес бұрын, Бобыржан Момыновпен жұдырықтасып, қазақстандықты командасына шақырған. Бобыржан Момынов барлығы 8 жекпе-жек өткізіп, бәрінде жеңіске жетті.

Соңғы жаңалықтар
telegram