Қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдайтын өңірлер тізбесі қайта қаралады
«Қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдайтын өңірлердің тізбесі қайта қаралады. Атап айтқанда, халық саны көп аймақтардан еңбек күші тапшы болып отырған шекара маңындағы аумақтарға көшіру қарастырылады. Ол көші-қон саясатын тиімді іске асыру үшін қажет. Бұл ретте қоныстандыру аймақтарынан Ақмола, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарының алынып тасталғаны ескеріледі», - деп жазылған Ашық НҚА порталында жарияланған тұжырымдамада.
Еске салайық, бұған дейін еліміздің 7 шекаралас өңіріндегі ауылдардың халық саны азайып бара жатқанын жазып едік. Халықтың үдере көшуіне табыстың төмендігі, жұмыссыздық, жол және инженерлік инфрақұрылымның тозуы себеп болып отыр.
Қоса кетсек, шекара маңындағы климаты қатал ауыл тұрғындарының 1 жылдық еңбек өтілі 1,5 жыл болып есептелмек.
Бұдан бөлек, табиғи-климаттық жағдайы күрделі шекара маңындағы елді мекендер үшін электр энергиясына төмендетілген тариф белгіленеді. Осындай ауылдарда кәсіпкерлікті қолдау үшін бюджет қаражаты есебінен микрокредит пен жобаларға кепілдік беруге квота бөлу де жоспарланған.