Қаңтар оқиғасы: Қызылордада 72 қылмыстық іс бойынша тергеу амалы жүргізілуде
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында қаңтар оқиғасы кезіндегі жағдай бойынша 72 қылмыстық іс тіркеліп, тергеу амалдары жүргізілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыс бойынша 72 қылмыстық іс тіркелді. Оның ішінде 5-і терроризм, 2-і адам өлтіру, 1-і жаппай тәртіпсіздік, 4-і қаруларды жымқыру, 4-і билік өкіліне қатысты күш қолдану, 2-і лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану және 54-і басқа деректер бойынша қозғалған.
«Бүгінгі күні оқиға орнын қарап-тексеру барысында 100-ден астам бейнежазба, 83 дана қол-саусақ ізі, 73 дана гильза және басқа да заттай дәлелдемелер алынды. Ұсталғандардан 6 атыс қаруы мен 63 патрон тәркіленді. Тергеп-тексеру барысында 960 адам, оның ішінде қылмыстық іс шеңберінде 351 адам полиция органдарына жеткізілді. Қылмыстық құқық бұзушылықтарға қатысы бар екендігі бұлтартпас айғақпен бекітілген 103 адам күдікті ретінде танылды», - деді облыс прокурорының бірінші орынбасары Мақсат Қазиев.
Айта кету керек, 103 күдіктінің 63-і соттың санкциясымен қамауға алынды. Қалғанының денсаулық және отбасы жағдайына байланысты 40 адамға қатысты бұлтартпау шаралары қолданылды. Прокуратураның бастамасымен 18 күдіктіге қатысты, оның ішінде 1 ауыр науқас, 2 көп балалы ана бұлтартпау шарасы негізінде үй қамаққа ауыстырылды. Ал 1 адам негізсіз ұсталуына байланысты уақытша ұстау изоляторынан босатылды.
Еске салсақ, Қызылордада қаңтар оқиғасы кезінде мәйітханадан 6 адамның денесі ұрланған.