Қаңтар оқиғасында ұсталғандарды азаптады деген күдікпен 2 полицей тергеліп жатыр

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қаңтар оқиғасында ұсталғандарды азаптады деген күдікпен 2 полицей тергеліп жатыр

«Бұл арыздардың бәрі объективті түрде қарау үшін басқа да түрлі органдарға жіберілген. Кейбір арыздарды арнайы прокуратура, кей арыздарды – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі тексеріп жатыр. Бүгінгі күні біздің қызметкерлерден екі адам жауапқа тартылып жатыр. Оның бірі - Алматы облысында, екіншісі – Алматы әуежайының полиция бөлімінің басшысы тергеу органдарында жауап беріп жатыр. Тергеу-тексеру жұмыстары әлі де жүріп жатыр, арыздардың бәрі тексерілу үстінде. Қанша адам жауапқа тартылатыны, қандай нәтиже болатыны әлі белгісіз», - деді Марат Қожаев Мәжілісте тілшілерге берген жауабында.

Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында азаптаумен байланысты қылмыстарды Бас прокуратураға жүктеуді ұсынған еді.