Қаңтар трагедиясы: Күдіктілерден 107 млн теңгенің мүлкі тәркіленген

«1 ақпанда Қызылордадағы жаппай тәртіпсіздік кезінде ломбардтардың бірінен ұрлыққа түскен екі тұрғын ұсталып, уақытша ұстау абақтысына қамалды. Олардан 160-тан астам алтын бұйым алынды.
Алматыдағы тәртіпсіздіктер кезінде «Іскер Ломбард» ұйымына 41 миллион теңге шығын келген. Сол тонауға қатысқандардың бірі ұсталды. Күдіктіден ұрланған заттардың бір бөлігі алынды. Оның кінәсін дәлелдейтін бейне жазба бар», - делінген министрліктің мәліметінде.
Ішкі істер министрлігі таратқан ақпаратқа сенсек, тәртіпсіздік кезінде ұрланды делінген 107 млн теңгенің мүлкі қайтарылған.
«Оның ішінде 8 автокөлік, 360-тан астам тұрмыстық техника, 200-ден астам зергерлік бұйым, 460 киім, 238 ұялы телефон, 15,5 млн теңге болатын қолма-қол ақша тәркіленді.
Ұрлық пен тонау, оның ішінде қару ұрлау фактілері бойынша 322 күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Тергеу барысында басты назар істің мән-жайлары мен күдіктілердің уәждерін мұқият тексеруге, дәлелдемелерді жинауға аударылады», - деп жазады Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі.