«Қапшағай өңірінің газ желілері» бәсекелестік заңнамасын бұзғаны анықталды
АСТАНА. KAZINFORM — Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті жүргізілген талдау және Алматы облысының прокуратурасы ұсынған ақпарат негізінде «Қапшағай өңірінің газ желілері» ЖШС-нің әрекеттерінен бәсекелестікті қорғау туралы заңнаманы бұзу белгілерін анықтады.

— ЖШС коммуналдық-тұрмыстық және өнеркәсіптік тұтынушылармен тауарлық газды бөлшек саудада өткізу шарттарын жасасу кезінде ай соңында газды толық алмау немесе тұтынудан бас тарту жағдайында тұтынушыдан пайдаланылмаған газ көлемінің құнынан 10% мөлшерінде «жіберілген пайданы өтеу» талаптарын қосқан. Мұндай талаптар «Газ және газбен жабдықтау туралы» заңында және Газ сату ережелерінде көзделмеген.
Сондай-ақ талдау барысында, серіктестік жыл сайынғы міндетті тұрмыстық газ жабдықтарына техникалық қызмет көрсетуді толық көлемде жүргізбегені, алайда көрсетілмеген қызметтер үшін де шот-фактуралар ұсынғаны анықталды, — делінген Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі хабарламасында.
Көрсетілмеген қызмет үшін төлем алу адал кәсіпкерлік қағидаттарын бұзып, жеткізушінің шарттық міндеттемелерін орындауға деген қызығушылығын төмендетеді.
Аталған әрекеттер Кәсіпкерлік кодексінің 174-бабы 4) тармақшасына сәйкес, доминанттық жағдайды теріс пайдалану ретінде сараланады.
Талдау қорытындысы бойынша серіктестікке:
- Газды толық алмау жағдайында «жіберілген пайданы өтеу» туралы шарттарды келісімдерден алып тастау;
- ТҚЖ бойынша көрсетілмеген міндетті қызметтер үшін шот-фактураларды ұсынуды тоқтату жөнінде хабарлама жіберілді.
Департаменттің хабарламасын Серіктестік толық орындады.
Айта кетелік Бәсекелестікті қорғау агенттігі Antitrust ақпараттық порталын әзірлеп жатыр.