13:29, 27 Наурыз 2013 | GMT +5
Қапшағайда екі бірдей әскери қызметшіні пышақтаған күдікті ұсталды - ҚР ІІМ
АСТАНА. 27 наурыз. ҚазАқпарат - Алматы облысының полиция қызметкерлері Қапшағай қаласында жүргізген жедел-іздестіру шаралары барысында Қорғаныс министрлігінің әскери қызметшісін өлтірген күдіктіні ұстады.

Бұл туралы бүгін брифингте ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз мәлімдеді.
Оның айтуынша, Қорғаныс министрлігінің взвод командирлері 17 наурызға қараған түні ойын-сауық орталығынан қайтып бара жатып, қалалық әкімшіліктің маңында көмекке шақырған әйел адамның дауысын естіген. Дауыс шыққан жерге жүгіріп жеткен офицерлер жанжалдасып жатқан жігіт пен бойжеткеннің үстінен түседі. Күдікті қызға болыспақшы болған жігіттерге пышақ жарақатын салып, автокөлікпен оқиға орнынан ізін суытқан.
«Қанды оқиға нәтижесінде жәбірленушілердің бірі көз жұмып, екіншісі ауруханаға жеткізілді. Күдікті азамат қамауға алынды. Алдын ала тергеу амалдары жалғасуда», - деп атап өтті Н. Ораз.