«Қара жорға» қазақ ұлтының биі ретінде ЮНЕСКО-ға тіркелген — Ербосын Нұрмұханұлы

Нұрмаханұлы
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Қазақтар арасынан шыққан танымал кәсіпкер Ербосын Нұрмұханұлы жеке бизнесін табысты жүргізіп ғана қоймай, қазақ мәдениетіне де өзіндік үлесін қосқан азамат. Атап айтсақ, ол кәсіпкер, продюсер ретінде «Қара жорға» биінің шоу бизнесте кеңінен танылуына да себеп болған. Экономист, ҚР «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Е. Нұрмұханұлы ұлттық биімізге халықтың сұранысы ерекше жоғары болғанын, соның арқасында қара жорға өз бизнесіне де оң ықпал еткенін айтады.

— Ербосын Нұрмұханұлы, бизнеске қалай келдіңіз? Алдымен сол туралы айтып берсеңіз.

— Мен Қытайдың Тяньцзин қаласындағы Нанькай университетінің экономика факультетін бітіргеннен кейін, алғашқы жылдары Шыңжаң өлкелік Сыртқы сауда меңгермесінің импорт-экспорт компаниясында қызмет істедім. Сол кезде тұратын үйім Үрімжідегі Ардаучау деген үлкен сауда орталығына жақын болатын. Мен табиғатымнан әнді жақсы көретіндіктен болар Ардаучаудағы үнтаспа сататын бір қытайдың дүкеніне жиі барып тұратынмын. Сол жерге барған сайын қазақтар кезекке тұрып үнтаспа сатып алып жатады.

Жалпы бұл сауда орталығындағы қазақша үнтаспа сататын екі дүкеннің сатушыларының бірі қытай енді бірі ұйғыр еді. Екеуі де бір ауыз қазақша білмейді. Бірақ, тұтынушылары қазақтар. Содан ойлана келе үнтаспа сататын бір қазақ шықпады ма деп, әлгі сауда орталықтан үнтаспа сату орнын аштым. Сөйтіп, саудадағы негізгі һәм алғашқы қадамымды осылай бастап кеттім. Мен кассеталарды негізінен Үрімжідегі «Дыбыс, бейне» баспасынан сонда жұмыс істейтін Мұрат Шеризат деген аранжировщик, музыкант жігіт арқылы алып тұратын едім. Сауда болған соң ең өтімді тауарды іздейсің ғой. Сол секілді халық көбірек тыңдағысы келетін әндер мен музыкалық өнімдерді сараптай бастадым. Байқасам, Аман Байтөлеу атты музыканттың «Салкүрең»(қазіргі қара жорға аталып жүрген күй — авт.) деген электронды аспаппен (Yamaha) орындаған күйі бар екен. Сол күйге деген сұраныс өте жоғары екенін байқадым. Содан, Мұрат Шеризатқа осы күйді жақсылап аранжировка жасап, «Қара жорға» деген атпен үнтаспа шығарайық дедім. Сөйтіп, әртүрлі би музыкалары жинақталған бір үнтаспаны шығарып сата бастадық. Атын әуелдегі жоспар бойынша «Қара жорға» деп қойдым. Саудасы өте жақсы жүрді. Келесі жылы «Қара жорғаға» Қайрат Жұмақан деген музыкантқа қайтадан аранжировка жасатып, одан кейінгі жылы Манат Ұтыбай деген аранжировщик жігітке тағы да музыкалық өңдеу жасатып саттым.

қара жорға
Фото: abai.kz

— Қара жорғаға не үшін жыл сайын музыкалық өңдеу жасадыңыздар?

— Ол кезде біздікі тек саудалық мақсат ғана болды ғой. Сол себепті халықтың көңілінен шығу үшін жыл сайын өңдеп отыруға тура келді. Қара жорғаға сөз жазылмай тұрған кезде арнайы бейнебаянда түсірдік. Бұл 2003 жылы болатын. Қара жорғаның жыл сайын аранжировкасы жаңаланып отыруы халықтың сұранысын одан сайын жоғарылатты. Сөйтіп жүргенде Қытайда «VCD» дискісінің заманы туды. Жаңа технологияның келуіне орай қара жорғаға би арқылы «VCD»-де бейнетаспа шығару үшін Сауан деген ауданның жайлауына барып, аудандық бишілерді қара жорғаға билетіп, сол бейнетаспаны Бейжіңдегі «Ұлттар» баспасынан шығарттық. Оның саудасы тіпті керемет жүрді.

Бұдан кейін тағы бір жаңалық жасауымыз керек деп, енді аталған музыкаға сөз жаздырып, бұны әнге айналдырып көрейін деген шешімге келдім.

Халық ішінде айтылып жүрген «Қара жорға болмаса тойдың сәні келе ме, қос етек көйлек кимесе қыздың сәні келе ме» немесе «қара жорға ойнаңдар, қой деседе қоймаңдар» деген секілді өлең сөздері бар еді. Осы сияқты бірнеше шумақ өлеңді жинап әкелдім де, осыларды ары қарай дамытып, қызықты етіп жазуды, көптеген әндерге сөз жазып, жұртқа танылып жүрген Мерей Тұрдақын деген ақынға жүктедім…

Ербосын
Фото: Кейіпкердің жеке мұрағатынан

— Сонымен «Қара жорғада» айтылып жүрген өлеңнің біразы халық ішінен жинап алынған болды ғой…

— Біреулер қазіргі «Қара жорға» деп айтылып жүрген өлеңнің бәрін Мерей Тұрдақын жазған дейді. Шын мәнісінде олай емес еді, арасында жоғарыда айтқанымдай ел ішінде бұрыннан айтылып жүрген сөздер, өлеңдер де бар болатын. Айта кетейін, кейінгі кезде кейбіреулер «қара жорғаның сөзі дұрыс емес» деп өзінше сынап жатқан көрінеді. Мен айтар едім, би мен ән екеуін бөліп қарау керек. «Қара жорға» биі деген бар, «Қара жорға» әні деген бар. Бұндағы ән менің авторлық жобам. Бірақ сол әннің сөзін біз ел ішінде, халық аузында бар сөзден алғанбыз. Соны негіз етіп толықтырғанбыз. Тікелей ойдан шығара салған жоқпыз. Біреулер айтқандай артық анайы сөз жоқ.

Мысалы:

«Ал қанеки жолдастар,

Біреуің шық тойбастар.

Той дегенде дейді екен,

Домалайды қубастар…» деген өлең жолдары ел ішінде кеңінен тараған өлеңекен, соны да қостық. Міне осылайша халықтың «күпі киген» өлеңдерін жинақтап, ретке келтіруді мақсат тұтқан болатынбыз.

Нақтырақ айтсақ, қазіргі айтылып жүрген «Қара жорға» өлеңінің 4 шумағын мен халық арасынан жинап әкелдім. Бұл жерде мен жаздым деген сөз емес, тек ел аузынан жинақтағам, қалған 12-сі Мерей Тұрдақынның жазып бергені. Сонымен қара жорғаны алдымен үнтаспа қып шығардық. Екінші рет өзімізде «Жаңа әуен» деген 4 жігіттен тұратын әншілер тобы бар болатын (Қажымұрат, Дәурен, Ержан, Нұртай — авт.), соларға орындаттық. Оның аронжровкасын Махмұт Рақымжан деген музыкант үш рет қайталап жасатып, төртіншісі әрең көңілден шыққан еді.

Соған жақсылап тұрып бейнебаян жасатып халыққа ұсындық. Сол аранжировкамыз нәтижелі болды. Олай дейтінім — төрт әншінің айтқан «Қара жорғасын» әлі күнге дейін ел тыңдап, көріп, соған билеп келе жатыр. Бұл менің 2006 жылғы авторлық жобам. Сол жобам қазірге дейін өнер көшінен қалмай келеді. Қара жорғаның «VCD» дискімен шығарған бейнебаяны бүкіл дүниедегі қазақтарға кеңінен тарады. Сол дискіміз Еуропаға дейін барды. Атап айтқанда, «Қара жорғаны» Еуропа қазақтары өте жылы қабылдапты. Ал, Қазақстанға 2007 жылы «DVD»-мен тарай бастады. Айта кетейін, сол «Қара жорға» деп шыққан әнді Қытай еліндегі авторлық қоғамға, ал 2010-2011 жылдары Қазақстандағы авторлық қоғамға жоба ретінде өз атымнан тіркеттім.

— Қара жорғаға ән жазу идеясы қалай пайда болды?

— Қара жорға әнінің жобасы біздің патриоттығымыздан пайда болған деп айта алмаймын. Тап-таза саудалық, бизнестік идеядан туды. Яғни, қара жорғаға халықтың сұранысы күшті болған соң, бұрынғы көне сүрлеуден шығып, жаңаладық, жаңғырттық. Күйдің, музыканың жеткізе алмай тұрған жерін өлеңмен, сөзбен жеткізсек қалай болады деп ойладық. Сол ойымыз дұрыс болғандықтан істеген жұмысымыздың тиісті пайдасын да көрдік…

— Қытайда материалдық емес мәдени мұра ретінде қара жорға биін қазақтың ұлттық биі деп бекіткен екен. Ол жақтағы басқа ешбір ұлттың өкілдері біздікі еді деп пікір білдірмеген көрінеді. Бірақ кейбір азаматтар бұл қазақтың биі емес, моңғолдың биі деп жатады. Бұл туралы не айтар едіңіз.

— Бидің бұл түрі бүгін ғана пайда болған нәрсе емес қой. Қара жорға неше ғасырдан бері жалғасып келе жатқан қастерлі өнеріміздің бірі. Мысалы, XX ғасырдың алғашқы жылдарында Қазақстан жерінде де биленгені туралы Ілияс Жансүгіровтің «Жолдастар» деген романында нақты тарихи деректер бар деседі. Одан бұрынғы уақыттарда да қазақ халқында осындай би болғаны туралы дәйектер баршылық. Сондықтан менің бұл «қара жорға» атты жобам мен ашқан жаңалық емес. Ол жаңадан пайда болған емес, ежелден бар нәрсе. Егер аталған бидің арғы тегін қуып, қазақ тарихынан қарастыратын болсақ, қай заманнан болмасын дерегін тауып аласың. Мысалы 2 мың жылдың алдындағы тасқа қашалған суреттер арасынан да табылған. Ал менің бұл ұлттық биімізге қосқан үлесім — қара жорғаны өздестірдік, жаңаладық, оның бүкіл әлемге танылуына, он үш мың адам бір жолда билеп бүкіл әлемдік гиннес рекордтар кітабына кіруіне себепкер болдық. Басқаларға ұлтымызда осындай бір керемет би бар екенін көрсеттік.

Қара жорға Қытай еліне де танылып, көптеген қытайлықтар билей бастады. Тіпті, танымалдылығының артқаны соншалық кей өңірлерде мектептегі таңғы гимнастика сағатына оқушыларды сергітіп алатын би болып қабылданды. Ондай жағдай әлемнің ешбір елінде болмаған шығар. «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» дегендей жақсы өнерге «біздікі» деп айтқандар да болды. Сол қатарда қара жорғаны Моңғолдың биі дегендер де табылды.

Аталған ұлттың «Сауырдын» деген биімен қара жорға аздап ұқсайды. Бірақ айырмашылық та жеткілікті. Қара жорғаның жалпы жобасы бар болғанымен, былай биленеді, былай билеуге болмайды деген қатып қалған қағидасы жоқ, өйткені ол буын биі ғой. Бірақ бұл қалай болса солай билейсің деген сөз емес.

Сосын билеушінің деңгейіне де байланысты. Мысалы осыдан 30 жылдай уақыт бұрын Қытайдағы Қымбат деген әйгілі биші қара жорғаны билеген.

Біз әдеттегі уақытта сол Қымбаттың деңгейінде билеп жүрген жоқпыз ғой. Біздікі бұқаралық, әуесқойлық деңгейде ғана. Жалпы, қара жорғаға жобалап билеп жүрміз. Өйткені бәріміз кәсіби биші емеспіз.

Мен қара жорғаның бейнебаянын түсіргенде Іле қазақ автономиялы облыстық филармониясының таңдаулы бишілерін арнайы ұсыныспен шақырып алып, соларға билеттім. Сосын бейнеклипте сол кәсби бишілердің биі мен біздің әншілердің қарапайым биін қосып бердік.

Кәсіби мен әуесқой екеуін бірге берген кезде бұны халық өте ыстық ықыласпен қабылдады…

Айта кетейік, кейбір өңірлердегі адамдардың бұл биді әлі күнге дейін қабылдай алмай жүруі олар тұратын аймақта қара жорға биі сақталмай қалған.

— Қара жорға биі туралы Қытайда конференция болды дедіңіз, сол басқосуда қандай мәселелер талқыланды?

— 2014 жылы ғой деймін, Қытайда қара жорға биіне байланысты конференция өтті. Аталған ғылыми жиналысқа қазақ, қытай, моңғол, қырғыз секілді әр ұлт өкілдерінен кәсіби мамандар жиналды. Сол конференцияға мені де шақырыпты. Басқосуда қырғыз ұлтынан келген маман, өз ұлтында қара жорға деген би болмағанын, соңғы кезде «Қара жорға қырғыздікі» деп жүргендерді  түсінбейтінін, айтты. Ал моңғол ұлтының атынан келген маманда өз пікірін білдірді. Оның айтуынша, қазақ пен моңғол ежелден киіз туырлықты, ауылы аралас, қойы қоралас дегендей бауырлас халықтар. Соған сәйкес кейбір салт-дәстүр, мәдениеттің бір-біріне ұқсап қалып жатады. Сондықтан моңғолдың «Сауырдын» деген биімен «Қара жорғаның» кейбір қимылдарының аздап ұқсауы қалыпты құбылыс. Сол себепті бұл сенікі емес менікі деп айтуға ешқайсысының қақысы жоқ, деген болатын.

— Қазіргі «қара жорға» деп атап жүрген биді басқа музыканың, күйлердің әуенін қойып билеуге бола ма?

— Қара жорғаның қазірге дейін биленіп келе жатқан музыкасы «Салкүрең» деген күй. Біз сол күйге жақсылап тұрып аронжровка жасағанбыз. Өз алдымызға жаңадан музыка жазып шыққан жоқпыз. Халық музыканттарының күйіне жаңаша серпін бердік. Қара жорғаның ең әуелгі музыкасы, күйі қайсы десе ешкім мынау еді деп атап көрсете алмайды. Қара жорғаны билеуге кез келген ритмі тезірек күйлер келе береді деуге болады.

— Қара жорға биі қазақтың ұлттық биі деп халықаралық ұйымдарда тіркеліп, мойындалған ба?

— Ресми түрде халықаралық ұйымның мәдениет бөлімінде «Қара жорға биі қазақтың ұлттық биі» деп тіркеуде тұр. Оны мен өз көзіммен көргенмін. Ресми деректерге сүйенсек, «Қара жорға» биінің 2013 жылы ЮНЕСКО-ның 8-ші сессиясында қабылданған нөмірі 00906-ші құжаты бойынша «Қара жорға биі қазақтың ұлттық биі» деп тіркеуде тұр…

Құжат
Фото: massaget.kz

(ЮНЕСКО-ге тіркелгені туралы ресми құжаты)

— Тағы бір сұрақ, бұрынғы қара жорға мен қазіргі қара жорға деп бөлуге бола ма? Болса айырмашылық қандай деңгейде болуы мүмкін?

— Бұрынғы қара жорға мен қазіргі қара жорғаның айырмашылығы сөзсіз бар. Ең алдымен «қара жорға» деген сөздің өзі бізден басқа ешқандай ұлтта жоқ, мысалы жоғарыда айтқан моңғолда. Және бір нәрсе кез келген би өңірлік сипатқа сай сақталады және дамиды. Оның тоқырап қалуы және белгілі бір жағдай қайтадан серпін алып кетуі мүмкін. Ал, шығыс жақтағы қазақтарда тек қарапайым адамдар арасында ғана сақталып келе жатқан бұл би біздің түрткі болуымызбен дамып, жалпы ұлттық, қоғамдық деңгейге көтерілді деуге болады. Біздің түрткі болып дамытуымызға — сол өңірдегі халықтың өздерінің күшті сұранысы себеп болғанын да естен шығармауымыз керек шығар.

Егер біз дамытпасақ, онда қазақ мекендейтін жерлердің бірінен, мысалы Қазақстанның шығысынан ба немесе солтүстігі ме, оңтүстік өңірінен бе, бұл би әйтеуір бір күні шығатын еді. Бұл жолы біз ертерек қадам бастық. Ең алғашында қай жақтағы қазақты болмасын бір жалт қараттық. Өйткені бұл би жай би емес болатын.

Егер өнер мықты болмаса оған ақша жұмсап, уақыт шығарып ел ішіне енгізе алмайсың. Сондықтан бізге көп күш-қуат берген өнердің мықтылығы.

Мысалы халық әндері бұдан неше жүздеген жылдар бұрын шыққан болсада өз өміршеңдігін жоғалтпай әлі күнге дейін айтылып келеді. Қара жорға биі де тура сол халық әндері секілді. Дами бермесе өміршеңдігін ешқашан жоғалтпайды. Өйткені ол жеке адамның шығармасы емес, қара жорға жалпы халықтың ортақ туындысы.

Қара жорға арқылы қазақ халқының осындай ғажап биі бар екенін көрсеттік. Сол арқылы қазақтың халық биін Қытайдағы ұйғырлар таныды, қытай таныды. Қазіргі уақытта Қытайдың кез келген курорттық орталықтарында қара жорғасыз елестете алмайсың, демалыс орындарының барлығында биленеді.

Енді қара жорға арқылы нені ұттық деген сұрақ туады. Біз ұлт ретінде дамыдық. Біз осы биіміз арқылы басқа ұлттардың құрметіне бөлендік. Қытайда ұйғырлардың «Ұсыл» деген танымал биі бар, ал бізде «Қара жорға» биі. Ұйғырлардың сол биімен қазақтың қара жорғасының терезесі тең. Бірақ «Ұсыл» биі біраз күрделі, өздерінен басқа халықтар билеуі қиындау. Ал, қара жорға болса кез келген адам билей алатындай ыңғайлы, халықтық би. Сондықтан қытайлар оны жылы қабылдап, мектептің бағдарламасына дейін енгізді. Себебі қара жорғаны билеген адамның бүкіл буынын толық қозғалып тұла бойын сергітсе, жағымды да ойнақы музыкасы жан дүниесін серпілтеді. Сондықтан біз осындай асыл өнерімізді біздікі емес деп, кеудеден кері итермеуіміз керек.

 

Соңғы жаңалықтар