Қарабақ университетінде VII жазғы түркология мектебі жұмысын бастады
АСТАНА. KAZINFORM – Әзербайжанның Ханкенді қаласындағы Қарабақ университетінде Түркі мемлекеттерінің VII жазғы түркология мектебінің ашылу рәсімі өтті. Оған Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия, Солтүстік Кипр Түрік Республикасы, Иран, Моңғолия және Солтүстік Македонияның жас ғалымдары қатысып жатыр.

Жазғы мектеп жас түрколог ғалымдардың академиялық әлеуетін арттыруға, түрлі елдерден келген қатысушылар арасында білім мен тәжірибе алмасуға, сондай-ақ заманауи ғылыми тәсілдер мен қолданбалы зерттеу әдістерін меңгеруге мүмкіндік жасауға бағытталған.
Бұл үшін 30-ға жуық ғылым докторы мен постдокторанттар Әзербайжан, Түркия, Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстаннан шақырылған халықаралық тәжірибесі бар ғалымдар мен мамандардың жетекшілігімен білім алады.

Апта бойы қатысушылар ғылыми мақала дайындау, презентациялар жасау және зерттеу гранттарын тиімді пайдалану бағыттарында біліктіліктерін арттырып, түркі мемлекеттерінің тарихы, түркі әлемінің археологиясы, түркі халықтарының өзара қатынастары, өнер мен философиялық ой тарихы, сондай-ақ түркі диалектілері мен әдебиеттері жөніндегі тақырыптарды зерделейді.

Ашылу рәсімінде сөз сөйлеген Түркі Академиясының басшысы Шаһин Мұстафаев Қарабақтың тарихи маңызын атап өтіп, академияның түркі әлемінің ғылыми және мәдени мұрасын сақтау, дамыту бағытында қызмет атқаратынын жеткізді. Сондай-ақ, ол жазғы мектептің тек білім алмасу алаңы ғана емес, жас ғалымдар арасындағы достық байланыстарды нығайтудың маңызды құралы екенін атап өтті.
Дәрістер мен семинарлардан бөлек, қатысушылар шығармашылық іс-шараларға қатысып, Ханкенді және Шуша қалаларының тарихи және мәдени мұрасымен танысу мүмкіндігіне ие болады.
Айта кетелік Түркияның 100 студенті Аризона дипломын Қазақстанда алатыны туралы жазған едік.