Қарағанды облысы жолдарында қысқы қауіпсіздік шаралары күшейтілді

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM – Қарағанды облысында автожолдарды қыс мезгіліне дайындау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.

Ауа райына байланысты Ұлытау және Қостанай облыстарында жол жабылды
Фото: Мухтор Холдорбеков/Kazinform

Мерзімді жұмыстар аясында өңірдегі жолдарға жаңа үлгідегі қар тосқауыл торлары орнатылуда. Бұл жүйе көктайғақ пен боран кезінде көлік қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Пилоттық жоба ретінде Сарыарқа әуежайына апаратын жолда биіктігі 5 метрге жуық және ұзындығы 1,2 шақырым болатын композитті қоршаулар орнатылды. Қыс бойы олардың тиімділігі бақыланып, оң нәтиже көрсетсе, мұндай тосқауылдар өзге бағыттарда да орнатылады.

Аймақтың жол қызметтері толықтай қысқы режимге көшкен: тәулік бойы кезекшілік атқаратын арнайы техника — қар тазалайтын көліктер, автогрейдерлер, шнек-роторлар және әмбебап жол машиналары дайын тұр. Сонымен қатар 2,6 мың тоннадан астам көктайғаққа қарсы материал қоры жасақталған, жылыту пунктері мен реагенттер қоймалары әзірленген. Жолдардың жай-күйі туралы ақпараттар жедел жарияланып отырады.

Бұдан бөлек, биыл облыс аумағында 630 шақырымнан астам жол жаңартылды. Қарағанды – Балқаш бағытындағы учаске қайта жөнделді, сондай-ақ Нұра – Осакаровка, Жартас – Долинка және Үштөбе – Құрылыс бағыттарында жұмыстар жалғасуда. Саран – Шахтинск жолында үш қабат асфальт төселіп, көліктің қозғалыс үстіндегі жүктемесін автоматты түрде өлшейтін жүйе орнатылды. Бұл шара жол жабынының қызмет мерзімін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, Нұра өзені арқылы өтетін көпірдің реконструкциясы аяқталып, Шерубай-Нұра және Есіл өзендері үстіндегі өткелдерде жұмыс жүргізілуде. «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 21 елді мекенде 84 шақырым ішкі жол жөнделді.

Биылғы жұмыстардың басты мақсаты – жолдардың төзімділігін арттыру және ауыр көліктерге есептелген заманауи инфрақұрылым қалыптастыру. 2026 жылы тағы 95 шақырым жолды жөндеу жоспарланған, оның ішінде Ақшатау – Ағадыр – Ортау бағыты және жаңа салмақтық бақылау кешендері орнату да қарастырылған.

Айта кетейік, Қарағанды облысында тағы бір жол жабылғаны хабарланды.

Соңғы жаңалықтар