Қарағанды облысында газ жарылысынан үйсіз қалған отбасы әлі туыстарын паналап жүр

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM – Редакциямызға Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданы Ботақара кентінің тұрғыны хабарласып, қайғылы оқиғадан кейін жергілікті билік әлі күнге дейін шығынды өтеу мәселесін шеше алмағанына шағымданды. Еске салсақ, жыл басында тұрғын үйде газ баллоны жарылып, 3 адам қаза тапқан еді. Зардап шеккендердің айтуынша, одан бері 5 айға жуық уақыт өтсе де, әкімдіктен әлі көмек алмаған. Агенттік тілшісі мәселенің мән-жайын анықтап көрді.

жарылған үй
Фото: Айзада Агильбаева/Kazinform
жарылыс
Фото: Айзада Агильбаева/Kazinform

Ботақара тұрғыны Аида Сағынтаева сол түнді қорқынышпен еске алады. Газ цилиндрі 30 қаңтарда жарылған. Ол ата-енесінен, яғни жұбайы Дәурен Тұрсынбеков ата-анасынан айырылды. Үлкен ұлы да үйіндінің астында қалды.

Аида Сағынтаева
Фото: Айзада Агильбаева/Kazinform

«Оқиға түнгі он екіде болды. Бір дауыс естілді. Басында бұған назар аудармадық, бірдеңе құлады деп ойладық. 6-7 секундтан кейін бәрі опырылып түсті. Көзімді ашсам, айналам тас қараңғы. Балаларым шаң-топырақ астында қалды. Орнымнан тұрып, залға қарай жүгірдім. Онда үлкен ұлымызбен бірге енем мен қайын атам ұйықтап жатқан. Күйеуім екеуміз кіші балаларды көрші үйдегі сіңліме апардық. Ал қайтып келгенде ата-анамызды да, ұлымызды да шығара алмайтынымызды түсіндік. Сағат 00:06-да жедел жәрдемге қоңырау шалдым. Барлық құтқару қызметі осында жиналды, бірақ ұлымызды тек 02:30-да шығарып алды. Кран болған жоқ. Бір кран келді, бірақ оның аккумуляторының қуаты аз болды. Манипулятор кабелі үзіліп, пешті көтере алмады. Манипулятор келгенге дейін анамыз сөйлеп жатты. Оны ұлымды шығарып алған құтқарушы айтты. Ал қайын атам тіл қатпады. Ол ең соңында таңғы төртке жақын шығарылды. Енем шамамен 03:30-да шығарылды. Жедел жәрдемге апарғанда ол дем алып жатты. Ал қазір бізге ол үйінді арасынан шығарғанда қайтыс болғанын айтады», – деді Аида Сағынтаева.

жарылыс
Фото: Айзада Агильбаева/Kazinform

Сол түні қайғылы оқиға орнына ауылдың барлық тұрғыны жиналған. Олардың пікірінше, егер төтенше жағдайлар қызметінің жабдықталуы тиісті деңгейде болса, әйелді құтқару мүмкін еді.

«Біз осында жүгіріп келген кезде мен әпкем Баянды іздей бастадым. Ол жиен немересі үйінділердің астында қалғанын айтты. Бізбен бірге келген Қорған есімді жігіт күртешесін шешіп алып, ішке кіріп кетті. Қатты аяз болса да, ол жүгіріп кіріп, баланы құтқарды. Әжесінің де тірі екенін айтты. Мен өз көзіммен көрдім, бәрі видеоға түсіріп алдым. Трактор келіп, пешті көтермек болғанда кабелі үзілді. Екінші рет көтергенде де кабелі қайта үзілді», – дейді Ботақара кентінің тұрғыны Бибінұр Жанашева.

Баян Көбентаева сол түні қайтыс болған құдаларының қабырғалас көршісі болды. Ол да күйзеліске түсті. Өйткені, үйінділердің астында құдалары мен жиен немересі қалды. Сол қайғылы түнді әлі күнге дейін ұмыта алмайды. Бірақ бәрінен бұрын оны келесі күні таңертең одан көмек көрсетуден бас тарту туралы қағаздарға қол қоюды талап еткен жергілікті биліктің әрекеті қапаландырады. 

«Мен сол қайғылы оқиғадан кейін бір тәулікке жуық ұйықтамадым, жиен немереммен қалалық ауруханаға бардым. Таңертең бізді әкімдікке жинады. Өзім күйзеліске түсіп, есеңгіреп жүрсем де әкімдіктегі қызметкерлер артымнан жүгіріп, қағаздарға қол қоюды сұрады. Бұл – киім мен құжаттарды құтқардық деген келісім деген еді. Мен қол қойдым. Ал бұл көмектен бас тарту қағазы болып шықты. Біз өзімізге келгенше бірнеше күн күте тұруға болады ғой. Мен үйден құжаттар мен киімдерден басқа ештеңе алған жоқпын. Барлық жиһазым әлі тұр. Себебі, ТЖД қызметкерлері жиһазға тиіспеу керектігін, қабырға құлауы мүмкін екенін ескертті», – дейді Баян Көбентаева.

Сол қайғылы түннен бері бес айға жуық уақыт өтті. Алайда, зардап шеккендер жергілікті биліктің көмегін сезіне алмай отырғанына шағым айтады. Осы орайда, аудандық әкімдіктен зардап шеккендердің неге әлі күнге дейін заңға сәйкес көмек алмағанын сұрап көрдік. Бұқар жырау ауданы әкімінің орынбасары Берік Көпбаев жауап берді.

«Қайғылы оқиға кезінде 12 адам зардап шекті. Біз заң аясында барлық зардап шеккен адамдарға баспана бердік. Әлі баспана алмаған жалғыз адам – Дәурен Тұрсынбеков. Бұл оның уақытында ипотека алуына байланысты және оған жұмысынан орган қызметкері ретінде тұрғын үй жәрдемақысы беріледі. Біз жергілікті атқарушы орган ретінде келтірілген залалды есептей отырып, оған баламалы тұрғын үй ұсындық. Бірақ ол жұмыс орнындағы тұрғын үй төлеміне байланысты біз ұсынған үйді ала алмайтынын айтты. Бұл үш бөлмелі үй, орталық жылытуға қосылған, жөндеу жұмыстарынан өткен. Бірақ коммуналдық меншіктегі тұрғын үй. Егер біз келісімшарт жасасақ, онда оған жұмыстан тұрғын үй төлемдерін төлеуді тоқтатады. Өйткені ол ресми түрде үйдің иесі болады. Алайда, ол жұмыс орнынан ай сайынғы төлемінен айырылғысы келмейді. Сол үшін басқалай көмек беруді сұрап отыр», – дейді аудан әкімінің орынбасары.

Сондай-ақ ол мәселені басқа жолмен шешу үшін арнайы құрылған қоғамдық қордың қаражаты есебінен зардап шеккен адамға тұрғын үй сатып алу туралы шешім қабылданғанын айтты. Алайда бұған біраз уақыт қажет.

«Біз заң аясында көмек екі тараптан қарастырылатынын түсіндіреміз: мемлекеттік бюджеттен қираған үйдің шығынына тең тұрғын үй бөлінеді, ал екіншіден – қоғамдық қор есебінен зардап шеккендерге техника, жиһаз және басқаларын сатып алуымыз керек. Бұл қоғамдық қор қайғылы оқиғадан кейін бірден құрылды және қазіргі уақытта бұл шығындарды жабуға жеткілікті қаражат жиналмады. Дәурен Тұрсынбеков сұрағандай, біз оған баспанамен көмектесудің басқа жолдарын іздейміз. Егер қоғамдық қорда оған үй сатып алу үшін жеткілікті сома жиналса, алып берер едік. Мұндай қолдау іс-тәжірибемізде бұрын болған. Егер көмек алушының коммуналдық тұрғын үймен қандай да бір нюанстары болса, оларға қор қаражаты есебінен үй сатып алынады. Біз де осылай жасағымыз келеді. Ол ресми түрде коммуналдық тұрғын үйден бас тартқан жоқ. Сондықтан оған қор есебінен қажетті сома жиналған жағдайда ғана үй сатып ала алатынымызды ескерттік. Бұл біраз уақытты алады. Осының бәрін ескере отырып, оған уақытша баспана ұсындық. Бірақ ол бас тартты. Ол барлық мәселені түпкілікті шешуді талап етіп отыр. Бұл, әрине, үлкен трагедия. Ол ата-анасынан айырылды. Біз өкілеттіктер мен заң шеңберінде барлық жағынан көмектесуге тырысамыз. Оған қолымыздан келгеннің бәрін ұсындық», – деп түсіндірді Берік Көпбаев.

үй
Фото: Айзада Агильбаева/Kazinform

Зардап шеккен отбасы ұсынылған үй нашар болғандықтан, бас тартыпты. Аида Сағынтаеваның айтуынша, әкімдік ұсынған үйде бір күн тұру да мүмкін емес.

үй
Фото: Айзада Агильбаева/Kazinform
үй
Фото: Айзада Агильбаева/Kazinform

«Төрт ай өтті, бірақ бізге материалдық шығын да төленбеді. Қорда қаражат жиналмады дейді. Баспана туралы мүлдем ауыз ашпаймын. Олар бізге ұсынған үйге тіпті қарау қорқынышты. Бұл – бірнеше жыл бойы ешкім тұрмаған, қараусыз қалған үй. Көгерген, ылғалданған жерлері көп. Біз тек сол жерде тұрудан бас тарттық. Бірақ тұрғын үй алудан мүлдем бас тартқан жоқпыз. Осыдан кейін әкімдік біз өзіміз тұрғын үйден бас тартты деп, қолайлы үй іздеуді мүлдем тоқтатты. Біздің пәтеріміз жақсы күйде болған еді, ал олар ұсынған үй өте ескі. Бізде барлық жабдық, жиһаз болды, жөндеу жүргізілген – бәрі жаңа болды. Мұны көршілер де растай алады. Біздің екі көршімізге жиһазға тапсырыс бергенін естідік. Оларға баспана да беріліпті», – деп шағымданады Аида.

үй
Фото: Айзада Агильбаева/Kazinform
үй
Фото: Айзада Агильбаева/Kazinform

Басқа зардап шеккендердің тұрғын үй алғанын әкімдік жоққа шығармайды. Аудан әкімінің орынбасары айтқандай, олар өздері ұсынған үйлерде тұруға келісіп отыр.

«Қайғылы оқиғадан кейін зардап шеккендердің барлығына уақытша баспана бердік. Комиссия құрылды, тәуелсіз сарапшы-бағалаушылар келді. Зардап шеккен 7 пәтердің 5-і коммуналдық меншікте болды. Екі пәтер жекешелендірілді. Тұрғындармен келісіп, пәтерлерді сатып алып, қирағанның орнына бердік. Ал жиһаз бен техникаға келетін болсақ, біз нарықтық құны бойынша түгендеу мен бағалауды жүргіздік. Бұл залал қоғамдық қордың қаражаты есебінен өтеледі. Қажетті сома жиналғаннан кейін барлығына бір уақытта төленеді. Біз қалған тұрғындармен бірінші кезекте Дәурен Тұрсынбеков көмек алады деп келістік, өйткені ол ең көп зардап шекті. Ол қоғамдық қорға зиянды өтеу туралы өтініш жазуы керек. Бірақ әлі жазған жоқ», – дейді Берік Көпбаев.

Айтуынша, Дәурен Тұрсынбеков бұл мәселені шешу үшін заңгерлерді жалдаған. Әкімдік өкілі зардап шеккен адамға көмектесуге дайын екенін айтады. Бірақ бәрі заң аясында. Десе де заңның әділдігіне зардап шегуші тарап күмәнданып отыр. Қаза тапқандардың келіні Аида Сағынтаева қайғылы жағдайға кінәлі барлық адам жазалануы керек деп есептейді.

«Олар барлық кінәні қайтыс болған жұмысшы өзбекке іліп қойғысы келеді. Біз кінәлілердің жазаланғанын қалаймыз. Бұл жұмысшыға мұздатылған цилиндрді әкелген сол пәтердің иесі. Ал жұмысшы иесінің тапсырысын орындады. Бұған әкімдік те кінәлі», – дейді Аида Сағынтаева.

Алайда, бұл зардап шеккен отбасының бір ғана наразылығы емес. Олардың айтуынша, қираған үй апатты жағдайда тұрған. Сондықтан жарылыс салдары осыншалықты қайғылы болды.

«Бұл үй бірнеше жылдан бері апатты деп саналған. Біз бірнеше рет шағымдандық. Бірақ әкімдік осы үйден кем дегенде бір кірпіш құлаған кезде көшіретінін айтты. Енді, міне, үйдің едені құлап, адамдар қайтыс болды. Тіпті жертөле де жоқ. Әр жолы біз терезе астындағы жарылған жерлерді жөндеп отырдық. Біздің бұл үй тіпті картада жоқ және кіреберіс жол жоқ. Бұл үй әлдеқашан бұзылуы керек еді. Тіпті, бастапқыда дұрыс салынбаған. Әкімдік үйдің қашан пайдалануға берілгенін де білмейді. Олар 2014 жылы тапсырды дейді, бірақ адамдар 2012 жылдың аяғында, 2013 жылдың басында қоныстана бастады», – дейді Аида Сағынтаева.

Алайда Берік Көпбаев бұл мәліметті жоққа шығарып отыр.

«Егер бұл үй апатты деп танылса, онда екі тұрғын пәтерін жекешелендіре алар ма еді? Бұл үйлерге әлеуметтік жағдайы төмен жақын ауылдардың тұрғындары қоныс аударды. 2014 жылы пайдалануға берілген. Салыстырмалы түрде жаңа үй болып саналады. Бұл үй апатты болды деп тұрғындардың неге сүйеніп айтқанын білмеймін. Егер солай болса, онда ресми шағымдар болар еді. Бірақ мұндай шағымдар түскен жоқ», – деп жауап берді аудан әкімінің орынбасары.

Әзірге екі тарап ортақ келісімге келген жоқ. Ал Дәурен Тұрсынбеков жұбайымен және үш баласымен әзірге туыстарының үйін паналап отыр.

Соңғы жаңалықтар