Қарағанды облысында Топар МАЭС-інде жаңа турбина іске қосылды
ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM – Қарағанды облысында энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту аясында ірі жоба жүзеге асты. Топар МАЭС-інде қуаты 130 мегаватт болатын жаңа турбоагрегат пайдалануға берілді. Бұл қадам өңірді сенімді энергиямен қамтып қана қоймай, елдің энергетикалық қауіпсіздігін арттыруға ықпал етпек.

Салтанатты рәсімге Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев пен ҚР Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов қатысты.
«Kazakhmys Energy» ЖШС бас директоры Темірлан Өтегеновтің айтуынша, жоба мемлекет, бизнес және мердігер ұйымдардың бірлескен еңбегінің нәтижесінде жүзеге асқан.
– Бүгін Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Топар МАЭС-ін жаңғырту ісін аяқтадық. Қуаты 130 мегаватт болатын жаңа турбина іске қосылып, Қарағанды облысының энергия жүйесінің тұрақты жұмысына жағдай жасалды. Жоба екі жылға созылды, барлық қиын сәтті еңсердік. Енді станцияда алдағы жылыту маусымына толық резерв бар. Сондай-ақ 2032 жылға дейінгі даму жоспары дайын: Санкт-Петербордағы «Силовые машины» зауытынан қосымша екі турбина сатып алынды, Энергетика министрлігімен барлық келісімге қол қойылды, - деді ол.

Өңір басшысы жаңа жабдықтың аймақ үшін стратегиялық маңыздылығын атап өтті.
– Топар бүгінде заманауи энергетикалық орталыққа айналып келеді. Қуаты 130 мегаватт болатын жаңа турбина аймақтың өндіріс орындарын тұрақты энергиямен қамтиды. Осы атқарылған жұмыстар үшін «Қазақмыс» компаниясына алғысымызды білдіреміз, - деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Қарағанды ГРЭС-2-нің операциялық директоры Андрей Соловьёв станцияны кезең-кезеңімен жаңғырту жұмыстарына тоқталды.
– Биыл К–130-88 турбинасы орнатылды. Бұл қосымша 130 мегаватт қуат береді. Станция 1962 жылдан бері жұмыс істеп келеді, жабдықтар тозған. Біз оларды біртіндеп жаңартып жатырмыз: үш машина толық ауыстырылды. Соның арқасында станцияның жалпы қуаты 643 мегаваттан 773 мегаватқа дейін артты, - деді ол.
Жаңа турбинаның іске қосылуы өңір энергетикасын жаңғыртудағы маңызды кезең болды. Бүгінде Топар ГРЭС-і сенімді жылу және электр энергиясымен қамтамасыз етумен қатар, Қарағанды облысының одан әрі өнеркәсіптік дамуына берік негіз қалыптастырып келеді.

Осыған дейін Қарағанды ЖЭС-1 жылу тарифін көтеруді ұсынғаны жайлы хабарлаған болатынбыз.