Қарағанды облысында ЖРВИ мен тұмаудың таралуы жалғасып жатыр

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM – Қарағанды облысында маусымдық респираторлық инфекциялар бойынша ахуал күрделі күйінде қалып отыр. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің жаңартылған деректеріне сәйкес, 1 қазан мен 20 қараша аралығында өңірде 75 859 ЖРВИ жағдайы тіркелген.

Астанада ЖРВИ-мен ауырған балалардың 97%-ы екпе алмаған – қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы
Фото: Астана әкімдігі

Ауру жұқтырғандардың негізгі бөлігін бұрынғыдай 14 жасқа дейінгі балалар құрайды, олардың үлесі 57 пайыз.

Лабораториялық талдаулар А (H3N2) маусымдық тұмаудың 61 жағдайын растады. Бұл штамм жыл сайын суық маусымда айналымда болады. Ауырғандардың 80 пайызы – егілмеген балалар.

Қарағанды облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Юрий Залыгин қазіргі вирус жаңа штамм емес екенін, аурудың клиникалық көрінісі классикалық маусымдық тұмауға сәйкес келетінін айтты.

— Температураның күрт көтерілуі, бас пен бұлшықеттің қатты ауыруы, қалтырау – бұлардың барлығы маусымдық тұмауға тән белгілер, — деді ол.

Сонымен қатар зертханалық сараптамаларда ЖРВИ-дің өзге де қоздырғыштары жиі анықталып жатыр. Зерттелген 492 үлгінің 44%-ы түрлі респираторлық вирустарға оң нәтиже көрсеткен.

Олардың ішінде басым түрлері:

• риновирус – 44%,
• парагрипп – 25%,
• боковирус – 12%,
• аденовирус – 9,5%,
• РС-вирус – 1,3%
және басқа инфекциялар.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ағымдағы эпидмаусымда A (H1N1), A (H3N2) және B штаммдарының айналымда болатынын болжаған. Бұл үш штамм да вакцина құрамына енгізілген, сондықтан екпе ауыр ағымның алдын алуда маңызды рөл атқарады.

Бүгінде Қарағанды облысында 164 249 адам тұмауға қарсы вакцина алған. Дәрігерлер екпе ең өзекті штаммдардан, соның ішінде А (H3N2) вирусынан қорғануға мүмкіндік беретінін атап өтеді.

Юрий Залыгин өңір тұрғындарын профилактикалық шараларды сақтауға және ауру белгілерін елемей қоймауға шақырды.

— Біз эпиджағдайды тұрақты бақылауда ұстап отырмыз. Алғашқы симптомдар пайда болған кезде өздігінен емделуге болмайды, — деді ол.

Дәрігерлердің ұсыныстары:

• жабық және адам көп жиналатын орындарда болуды шектеу;
• ауру белгілері бар адамдармен байланыстан алыс болу;
• қолды жиі жуу және антисептик қолдану;
• үй-жайды жиі желдету және ылғалды тазалау;
• құрамында С витамині бар тағамдарды тұтыну;
• алғашқы белгілер байқалғанда бірден дәрігерге қаралу.

Бұған дейін өңірде 63 мыңнан астам ЖРВИ жағдайы тіркелгені хабарланған еді.

Соңғы жаңалықтар