Қарағанды облысындағы кәсіпорынға 2,6 млн теңге айыппұл салынды

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM — Қарағанды облысында тұрғындардың өтініші негізінде жүргізілген өнеркәсіптік кәсіпорынға қатысты жоспардан тыс тексеру аяқталды.

Nova Цинк
Фото: Қарағанды облысының Экология департаменті

Шамамен бір айға созылған бақылау барысында экологиялық заңбұзушылықтар анықталып, оның соңы әкімшілік жауапкершілікке әкелді.

Қарағанды облысы бойынша Экология департаменті 2025 жылғы 25 қарашадан 23 желтоқсанға дейін «NOVA ЦИНК» ЖШС-не қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізді. Бақылау шараларына азаматтың өтініші негіз болған.

Қарағанды облысындағы кәсіпорынға 2,6 млн теңге айыппұл салынды
Фото: Қарағанды облысының Экология департаменті

Кәсіпорын Шет ауданындағы Ақжал полиметалл кен орнын игеріп, екі өндірістік алаңда қызмет атқарады. Ақжал кенішінде қорғасын-мырыш кенін өндіру және өңдеу жүзеге асырылса, Ағадыр кентіндегі ауыстырып тиеу базасында дайын өнімді жөнелту және өндірістік процестерді қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіледі.

Тексеру белгіленген тәртіпке сәйкес өткізіліп, экологиялық талаптардың сақталуын бағалауға бағытталды. Бақылау барысында департамент мамандары бұрын берілген экологиялық қорытындыда көзделген талаптардың сақталмағанын анықтады.

Сонымен қатар зертханалық талдаулар топырақтағы ластаушы заттардың рұқсат етілген мөлшерден асқанын көрсетті.

Қарағанды облысындағы кәсіпорынға 2,6 млн теңге айыппұл салынды
Фото: Қарағанды облысының Экология департаменті

Тексеру қорытындысы бойынша кәсіпорын әкімшілік жауапкершілікке тартылды. «NOVA ЦИНК» ЖШС-не жалпы сомасы 2,6 миллион теңгеден асатын айыппұл салынды, сондай-ақ анықталған заңбұзушылықтарды міндетті түрде жою туралы нұсқама берілді.

Экология департаментінде жоспардан тыс тексерулер экологиялық тәуекелдердің алдын алу, қоршаған ортаны қорғау және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жүргізілетінін атап өтті.

Бұған дейін Риддер қаласында жоспардан тыс экологиялық тексерулердің қорытындысы бойынша тау-кен байыту кешенінде топырақтың ластануы және табиғатты қорғау талаптарының сақталмау фактілері тіркелгені хабарланды.

Соңғы жаңалықтар