Қарағанды облысындағы қоймаларда жалпы картоп қоры 60 мың тоннадан асады

ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM — Қарағанды облысында картоп бағасын тұрақтандыру және әлеуметтік маңызы бар өнімдер бағасының өсуіне жол бермеу үшін шаралар қабылдануда.

КАРТОП
Фото: Қарағанды облысының әкімдігі

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев ауыл шаруашылығы құрылымдарымен белгіленген бағамен сауда орындарына картоп жеткізуге кепілдік беретін меморандумдар жасасуды тапсырды. Сондай-ақ, көтеріңкі үстеме баға қоюдың жолын кесу үшін әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасына мониторинг жүргізуді жалғастыру керек.

Облыстың ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының қоймаларында 53 мың тонна картоп сақталуда, ал тұрақтандыру қоры мен сауда желілерін қоса алғанда, жалпы қор 61,6 мың тоннаны құрайды — бұл халықтың маусымаралық қажеттіліктерін жабу үшін жеткілікті.

Қазіргі уақытта форвардтық келісімшарттар бойынша 3,2 мың тонна картоп, сондай-ақ басқа да көкөністердің қажетті мөлшері жеткізілді, бұл өңірдің маусымаралық қажеттілігін толығымен жабады. Айналым схемасы бойынша да жеткізу жалғасуда.

— Облыстың сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті мен Қарағанды әкімдігі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына, соның ішінде картопқа сауда үстемесінің 15%-дан асуына жол бермеу үшін сауда желілерінің өкілдерімен кездесу өткізді. Бүгінгі таңда екі кәсіпкер картоптың сауда үстемесін асыра пайдаланғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Тағы бір сауда нүктесіне қатысты тексеру белгіленді, — деп мәлімдеді облыстық әкімдікте.

картоп
Фото: Қарағанды облысының әкімдігі

Экономикалық тергеу департаментіне сауда үстеме бағасын сақтамау фактілерін зерттеу тапсырылды. Барлық бұзушылықтар бойынша шаралар қабылданады.
Облыста тұрғындардың қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін бірінші кезекте қажетті тауарлар қоры жеткілікті, ал бағаларды тұрақтандыру жөніндегі жұмыс жалғасатын болады.

Айта кетейік, Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров елде картоп бағасының күрт өсуін Үкіметтің былтырғы қателіктерімен байланыстырған болатын. 

Осыған дейін ауыл шаруашылығы министрлігі картоп бағасының өсуіне еш негіз жоқ деп мәлімдеген еді. 

Сонымен қатар, картоп бағасын тұрақтандыру барысында 49 заң бұзушылық анықталғаны белгілі болды.

Соңғы жаңалықтар