Қарағанды тас жолында шамамен 800 автокөлік кептелісте тұрып қалды
ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM — Ақтүтек боран салдарынан Қарағандыдан Астанаға барар трасса бойында 800-ге жуық көлік кептелісте тұрып қалды, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Қарағанды облысында ауа райының күрт нашарлауына байланысты екі негізгі бағыт бойынша: Қарағанды — Астана және Қарағанды — Павлодар жолдары жабылды.
— Күн сайын 10 мыңнан астам көлік өтетін республикалық маңызы бар Алматы — Екатеринбург автожолында күрделі жағдай қалыптасты. Теміртау қаласының маңындағы терминалда жолдардың жабылуына байланысты шамамен 800 автокөлік жиналып қалды, — деп мәлімдеді Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметі.
Қарағанды облысының полицейлері жол жағдайын қалыпқа келтіру үшін барлық қажетті шараларды қабылдауда. Жақын арада автоколоннаның Ақмола облысының шекарасына дейінгі бағытта қауіпсіз жетуін қамтамасыз ете отырып, ілесіп жүру ұйымдастырылады.
Қарағанды облысының полиция департаменті өңір тұрғындары мен қонақтарын елді мекендерден тыс жерлерге аса қажеттіліксіз шықпауға шақырады. Жол жағдайы туралы өзекті ақпарат алу үшін 112 қызметінің хабарламаларын қадағалауға кеңес беріледі.
Еске сала кетейік, бұған дейін ауа райының қолайсыздығына байланысты бірнеше облыста жол жабылғанын жазған болатынбыз.