Қарағанды - Жезқазған, Сарыағаш автожолдарының құрылысына қаражат көзі табылды

Келесі жылы жол құрылысындағы негізгі ірі жобалар аяқталып, жаңа жобалар қолға алынады. Бұл туралы Көлік министрі Марат Қарабаев айтты, деп хабарлайды Kazinform.

жол
Фото: qaj.kz

Ведомство басшысының мәліметінше, Президент тапсырмасына сәйкес, 2029 жылға дейін 8 мың шақырым жолда реконструкция жұмыстарын жүргізу қажет.

«Келесі жылы негізгі ірі жобалар аяқталып, құрылыс компанияларының техникалары мен жұмыс күші босайды. Сондықтан, 2024 жылдан бастап, жалпы 4 700 шақырым болатын басым жобалар құрылысын кезең-кезеңімен бастаймыз. Бұл мәселені шешу үшін сыртқы және ішкі көздерден қаржы тарту жұмыстары жүргізілуде», – деді Марат Қарабаев Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Қазіргі таңда «Сарыағаш қаласының айналма жолы» мен «Қарағанды - Жезқазған» жобалары бойынша Азия және Дүниежүзілік даму банктерінен қаражат тарту көзі айқындалған. Қалған жобаларды іске асыру үшін дайындық жұмыстары басталып, қаржыландыру тетіктері анықталып жатыр.

«Ірі жобалардың басталуы жол-құрылыс материалдары өндірісін ұлғайтуды, құрылыс техникалары мен қосымша инженерлік қызметкерлерді қажет етеді. Сондықтан, жол битумының тапшылығын болдырмау үшін цементбетон жолдарға көшу және битумды импорттау бойынша шаралар қабылдануда. Инертті материалдардың жаңа карьерлері зерттеліп, темірбетон бұйымдарының өндірісін арттыру көзделіп отыр. Келісімшарттарда мердігерлердің жеке жол-құрылыс техникасы паркінің болуы бойынша нақты талаптар қойылды», – дейді Марат Қарабаев.

Айта кетейік, халықтың шағымдарын ескере отырып, осы жылы барлық күш құрылысы ұзаққа созылған 6 негізгі жобаға бағытталған. Бұл Талдықорған - Өскемен, Қарағанды - Алматы, Мерке - Бурылбайтал, Ақтөбе - Қандыағаш және Атырау - Астрахан жолдары.

Сондай-ақ биылғы 11 айдың қорытындысы бойынша республикадағы ақылы жолдардан 26 млрд 500 млн теңге қаражат түсті. Соңғы уақытта транзиттік ағынның артуына байланысты, жөнделген жолдарды нормативтік жағдайда сақтау үшін жол ақысы қайта қаралып жатыр.

Соңғы жаңалықтар