Қарағандыда асырап алған балаларды азаптады деген қамқоршыларға сот үкімі шықты

ҚАРАҒАНДЫ.KAZINFORM — Қарағанды облысының мамандандырылған ауданаралық кәмелетке толмағандар істері жөніндегі сотында алты асыранды балаға қатыгездік көрсетті деп айыпталған ерлі-зайыптылар мен олардың қызына қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шығарылды.

Қарағандыда асырап алған балаларды азаптады деген қамқоршыларға сот үкімі шықты
Фото: Айзада Ағылбаева/Kazinform

Тергеу нұсқасына сәйкес, Қарқаралы ауданында тұратын педагогтар отбасы балалар үйінен патронаттық тәрбиеге алынған балаларды бес жыл бойы жүйелі түрде қорлаған. Сотта айтылғандай, ұлдар мен қыздарға ауыр шаруашылық жұмыстарын атқартып, мал баққызған, ұрып-соғып, қорлап, аштықта ұстаған.

Тергеу деректеріне сүйенсек, асыранды балаларды болмашы тентектігі үшін ұрып-соғып, көң араластырылған нан жеуге және иттің үйшігінде ұйықтауға мәжбүрлеген. Сондай-ақ сот барысында балалардың үстіне қайнаған су құйылып, қыздырылған от көсеумен күйдірілгені туралы да мәліметтер келтірілді. 

Дәрігерлердің қорытындысына сәйкес, балалардың бірінің денесінен 19 тыртық, ал екіншісінен 47 тыртық анықталған. Бұған дейін жәбірленушілердің бірі сотта өзін кілемге орап, үстінен секіргендерін, соның салдарынан есінен танып қалғанын айтқан болатын. Кейін оған бас сүйегіне бірнеше операция жасалып, нәтижесінде мүгедектік алған.

Тараптардың жарыссөзі барысында талқыланған мәселелердің бірі — балалардың бірінің патронаттық отбасына берілгенге дейінгі денсаулық жағдайы болды. 

Прокурор кәмелетке толмаған жәбірленушілердің айғақтарына күмән келтіруге негіз жоқ екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, олардың сөздері кешенді сот-психологиялық сараптаманың қорытындыларымен расталған.

— Сарапшылардың қорытындысына сәйкес, кәмелетке толмаған бала бұған дейін қандай да бір психологиялық ауытқулардан зардап шекпеген, оқиғалардың мән-жайын дұрыс қабылдап, өзіне қатысты жасалған әрекеттердің мағынасын түсіне алған. Ал орын алған жағдайлардан кейін оның психикалық бұзылысы дамыған, — деді прокурор сот отырысында.

Алайда куәлардың бірі бұған қарама-қайшы мәлімдеме жасады. Әйелдің айтуынша, бала патронаттық отбасыға түспей тұрып-ақ денсаулығына қатысты мәселелерге тап болған.

— Бастапқыдан-ақ баланың денсаулығында кінәрат бары байқалды. Ол өте тұйық болды, ешкіммен сөйлеспейтін және үнемі теміржол жаққа қарай қашып кететін. Анасы оның бала кезінен сырқат екенін айтып, ауруханаларға жиі апарып жүргенін жеткізген еді, — деді куә.

Сонымен қатар қорғау тарапы жарыссөз барысында бұл іс бойынша тергеу жүргізу кезінде көптеген кемшіліктерге жол берілгенін мәлімдеді.

Ал айыпталушылар орындығында отырған отбасы басшысы өз кінәсін мойындамай, балаларға ешқашан қол көтермегенін және оларға әрдайым жақсы қарағанын айтты. Сондай-ақ ол тергеу кезінде құқық қорғау органдары тарапынан өзіне физикалық әрі моральдық қысым көрсетілгенін мәлімдеді.

Іс бойынша келтірілген барлық дәлелдер мен куәлардың айғақтарын ескере отырып, судья төмендегідей үкім шығарды.

— Исабаев Аян Жапыханұлы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 106-бабы 2-бөлігінің 3, 5, 11-тармақтарында, 110-бабы 2-бөлігінің 1, 2-тармақтарында және 190-бабы 3-бөлігінің 1-тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін кінәлі деп танылсын. 106-баптың 2-бөлігінің 3, 5, 11-тармақтары бойынша 9 жылға, 110-баптың 2-бөлігінің 1, 2-тармақтары бойынша 6 жылға, 190-баптың 3-бөлігінің 1-тармағы бойынша 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 58-бабы 3-бөлігі негізінде жазаларды ішінара қосу арқылы түпкілікті 12 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы белгіленсін. Жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде өтесін. Исабаева Әлия Яковлевна Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 106-бабы 2-бөлігінің 3, 5, 11-тармақтары мен 110-бабы 2-бөлігінің 1, 2-тармақтарында көзделген құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін кінәлі деп танылсын. 106-бап бойынша 8 жылға, 110-бап бойынша 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 58-бабы 3-бөлігіне сәйкес жазаларды ішінара қосу арқылы түпкілікті 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы белгіленсін. Исабаева Наурайым Аянқызы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 110-бабы 2-бөлігінің 1, 2-тармақтарында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 4 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын, — деп үкімді жариялады судья.

Бұдан бөлек, сот әрбір жәбірленушінің пайдасына моральдық зиянды өтеу туралы талапты қанағаттандырып, 10 миллион теңгеден өндіріп беру жөнінде шешім шығарды.
Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ. Қорғаушы тарап апелляциялық шағым түсіруге ниетті.