Қарағандыда жылу желілеріндегі ақау салдарынан бірнеше шағын аудан жылусыз қалды

АСТАНА. KAZINFORM - Қарағандының алты шағын ауданы жылу желілеріндегі ақауға байланысты жылусыз қалды. "Теплотранзит Қарағанды" ЖШС монтаждау бригадалары жөндеу жұмыстарын жүргізуде.

Биыл елімізде 221 шақырым жылу желісі жөнделеді
Фото: Мухтор Холдорбеков/ Kazinform

Қазіргі уақытта жылу құбырларында қысымның төмендеуі Восток-5, Көгілдір тоғандар және ішінара Оңтүстік-Шығыс аудандарының жылу желілерінде, атап айтқанда Гүлдер ықшам ауданында, Мұқанов көшесінде және Таугүл шағын ауданында тіркелген. 

«Мамандар ақауы бар учаскені анықтады, күшейтілген монтаждау бригадалары жіберілді және жағдайды тезірек жою үшін барлық шаралар қабылдануда. Жылумен жабдықтауды қамтамасыз ету үшін тұтынушылар I-кезектегі тарату құбырына ауыстырылды. Ауысу кезеңінде жылу беру параметрлерінің уақытша төмендеуі мүмкін. Жұмыстар мүмкіндігінше қысқа мерзімде аяқталады. Тұрғындарды тұрақты жылумен қамтамасыз ету үшін бар күшімізді саламыз», — деп жазды «Теплотранзит Қарағанды» ЖШС Instagram ресми парақшасында.

Сағат 12:30–дағы ақпаратқа сәйкес, жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Ақауды жойғаннан кейін бірден жылу желілеріндегі қысым жоғарылайды. 

Осыған дейін Саран қаласында тұрғындар үйлерде жылудың жоқтығына жаппай шағымдана бастағаны туралы жазған болатынбыз. Қала әкімі Еркін Баулықов Instagram-дағы парақшасында жағдайды түсіндіріп, тұрғындардан кешірім сұрады

Саран қаласындағы жылу жағдайына байланысты Энергетика министрі бастаған комиссия құрылды. Комиссия құрамына энергия қадағалау саласының және тиісті органдардың өкілдері кірді. Алмасадам Сәтқалиев Сарандағы қазандықтың іске қосылмауының себептерін атады. 

28 қазанда аппараттық жиналыста Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Саран қаласының әкімі Еркін Баулықов пен Қарағанды облысының энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Тілектес Досаев қатаң сөгіс алғанын мәлімдеді. Сондай-ақ облыс әкімінің бірінші орынбасары Азамат Тайжановқа ескерту түрінде тәртіптік жаза жарияланды

Бұл оқиғадан соң Саран қаласының әкімі Еркін Баулықов қызметінен босатылып, оның орнына жаңа әкім тағайындалды. Бұл қызметті енді Дарын Бұлқайыр атқарады.

Соңғы жаңалықтар