Қарағанды облысында жалған құжат жасаған полицейдің үстінен қылмыстық іс қозғалды

«Облыстық ІІД кадрлық жұмыс басқармасының жеке құрамы бойынша инспекциясының қызметкерлері жол полициясы басқармасының қызметкерлерімен бірлесіп Қарағандыда «Ауди» көлігін тоқтатты. Оны Қарағанды облыстық мамандандырылған күзет басқармасының Шет ауданындағы взводы командирінің орынбасары жүргізді. Құжаттарын тексеру кезінде, мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілері ЖПБ-ның базасы бойынша «Москвич» маркасындағы басқа көліктікі екені анықталды», - деді Ж.Сембеков.
Бұдан басқа, көліктік құралды тіркеу туралы куәліктің жалған екені анықталды. «Криминалистік зерттеу қорытындысына сәйкес, көліктік құралды тіркеу туралы куәлік, яғни техникалық төлқұжат компьютерлік техниканы қолданумен дайындалғаны және лазерлік принтерден шығарылғаны анықталды», - деп түсіндірді Ж.Сембеков.
Ол қазіргі кезде полицейге қатысты ҚР ҚК-нің 325 бабының 1 бөлімі - жалған ресми құжатты дайындау бойынша қылмыстық іс қозғалғанын айтты. Тергеу амалдары жүргізілуде.