Қарағандыда Мәлік Имашевқа ескерткіш тақта орнатылды

Мәлік Имашев – Қазақ КСР баспа үздігі. Обком хатшысы болған. ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері. Қарағанды қаласының және Шет ауданының құрметті азаматы. Баспа, полиграфия және кітап саудасы облыстық басқармасын басқарды. Ескерткіш тақта өзі 20 жыл басқарған «Полиграфия» өндірістік бірлестігі ғимаратының қабырғасына ілінді.
«Бұл кісінің еңбегі, жасап кеткен қызметі, қалдырған ізі жас ұрпаққа, өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге деп санаймын», - деді облыстық мәслихат төрағасы Нүркен Қобжанов.
«1975 жылы бірге жұмыс істедім. Қызметте жетекшім әрі әкемдей болды. Бүгін облыстың түкпір-түкпірінен әріптестеріміз келді. Голландия, Аустралия, Германиядан қоңырау шалып, құттықтап жатыр. Өте қуаныштымыз», - деді Нина Гончарова.

«1990 жылдардың ауыр кезеңінде қаржыландыру таба алмай отырған «Шахтер» клубының мәселесін шешуге атсалысты. Стадионды жекешелендіруге өтіп кетуден сақтап қалды. Осы ерліктерінің өзін мақтан тұтамын. Әкеме көрсетілген құрмет үшін отбасымыз атынан алғыс білдіремін», - деді ұлы Валерий Имашев.
Мәлік Имашұлының тұсында облыстың полиграфия жүйесінде, қалалық, аудандық газет, кітап саудасында ірі қайта құрулар болған. Полиграфиялық материалдардың бухгалтерлік есебін жүргізу, тапсырыстарды диспетчерлеу бағдарламасын жасаған.